Астанада жүргізуші куәлігі жаппай сатылған: ХҚКО басшысының экс-орынбасары ұсталды
2026 жылдың басынан бері Астана қаласы, Ақмола және Павлодар облыстарында автомектептердің қызметін ұйымдастыру және жүргізуші куәліктерін беру кезінде заңсыз сыйақы алу және өкілеттіктерді теріс пайдалану фактілері анықталды, деп хабарлайды ҰҚК баспасөз қызметі.
Астана қаласындағы Мамандандырылған ХҚКО бұрынғы орынбасары пара алу арқылы азаматтарға емтихан тапсыруға және жүргізуші куәлігін алуға көмектескен. Жалпы сомасы 100 млн теңгеден асатын 60-тан астам факт процестік түрде тіркелді.
Сондай-ақ, Көкшетау мен Екібастұз қалаларында емтихан тапсыруды жалған тұлғалар арқылы ұйымдастырған лауазымды тұлғалар анықталды. Астана, Шымкент және Тараз қалаларында жылжымайтын мүлікті қайта тіркеу кезінде өкілеттіктерін теріс пайдаланған лауазымды тұлғалардың заңсыз баю фактілері тіркелді.
Аталған фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Қылмыстық-процестік кодекс 201-бабына сәйкес қосымша ақпарат жария етуге тыйым салынған.