Астананың Байқоңыр ауданында орналасқан жатақханалардың бірінде өрт болды, деп хабарлайды ТЖМ.

Өрттен бөлмелер мен ғимараттың шатыры қызыл жалынға оранды. 

Өрт сөндіру бөлімшелері оқиға орнына жедел келген кезде шатыр мен 3 және 4-қабаттағы бөлмелер жанып жатты. ТЖМ күштері үш иінді баспалдақтың көмегімен 3-қабаттан алты адамды құтқарды.

"Алдын ала мәліметтер бойынша жану өнімдерімен уланған бес адам жедел медициналық жәрдем қызметкерлеріне тапсырылды. Өртті сөндіру жұмысына ғимараттың жан-жағындағы өтетін жолдарда автокөліктердің тұруы қиындатты. Өрт 850 шаршы метр алаңда сөндірілді. Өрттің себебі анықталып жатыр", – делінген хабарламада.