Астанада жаңа әуежай салынуы мүмкін
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаланың көлік-транзиттік әлеуетін күшейту мақсатында жаңа әуежай салу мүмкіндігін қарастыру қажет екенін айтты, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Президент үкіметке әкімдікпен бірлесіп бұл мәселені жан-жақты пысықтап, нақты ұсыныс енгізуді тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, жуырда Қазақстанда толыққанды авиахабтар қалыптастыру мәселесі талқыланған, оның ішінде елорда әуежайына қатысты жұмыстар да бар. Алайда қазіргі таңда елде өндірілетін авиациялық жанармай көлемі жеткіліксіз, бұл авиахабтарды дамытуға елеулі кедергі келтіруі мүмкін.
"Сондықтан үкімет авиа жанармай өндірісін арттыру үшін нақты шаралар қабылдауға тиіс. Мүмкін, жаңа мұнай өңдеу зауытын салу қажет шығар. Оның артықшылықтары мен кемшіліктері бар. Үкімет осы мәселеге қатысты өз ұстанымын айқындап, нақты шешім қабылдауы керек", – деді мемлекет басшысы.