Астанада "Халықтың сүйіктісі" ұлттық сыйлығы асында биыл үздіктер он бесінші мәрте анықталды. 

"Бұл сыйлық 15 жылда халық сенімінің, қоғамдық бағалаудың символына айналды. Дауыс беру екі кезеңмен өтті: алғашқысы Facebook желісінде, қорытындысы сыйлықтың ресми сайтында жүзеге асырылды. Сонымен қатар, биыл екі жаңа аталым – Жылдың жастар көшбасшысы мен Жылдың медиа-тұлғасы енгізілді, – деді жоба авторы және ұйымдастырушысы Ғалым Байтук.

"Халықтың сүйіктісі" ұлттық сыйлығының биылғы лауреаттары: 

  • Жылдың үздік мұғалімі – Болат Аманқұлов;
  • Жылдың үздік дәрігері – Индира Сарыбаева; 
  • Жылдың үздік спортшысы – Наталья Богданова; 
  • Жылдың үздік тележүргізушісі – Сағыныш Әбікей; 
  • Жылдың ғалымы – Күнсұлу Закарья; Аралбай Нұғман;
  • Жылдың қоғам қайраткері – Динара Құдайқұлова;
  • Жылдың парламентшісі – Үнзила Шапақ;
  • Жылдың мәдени жобасы – "Жошы хан. Ұлы Ұлыстың билеушісі"; "Ботай" мемориалы;
  • Жылдың медиа-тұлғасы – Асхат Аймағамбетов;
  • Жылдың параспортшысы – Қуаныш Асқарбеков; 
  • Жылдың жастар көшбасшысы – Сұлтанбек Бекешев.

Сыйлықтар ішінде әлеуметтік жобалардың маңызы айрықша атап өтілді. Солардың бірі – "Халық" қоры жүзеге асырып жатқан "Ауыл спорт" жобасы. Айта кетейік, қор "Халықтың сүйіктісі" марапатына осымен екінші мәрте ие болып отыр.  

AUYL SPORT – ауылдарда балалар арасында бұқаралық спортты дамытуды мақсат еткен жоба. Ол ауыл баласына үлкен спорттың есігін ашып қана қоймай, сенім мен жігер сыйлады. 

Былтыр жобаның екінші маусымы өтті. 300 ауылдан 11 700 бала қатысып, спорттың 7 түрі бойынша өзара бақ сынады. Айта кетейік, 2025 жылы AUYL SPORT жеңімпаздары Қазақстан құрамасының сапында Сербиядағы Гимназиадасына қатысып, алтын медальмен оралды. 

"AUYL SPORT жобасының "Халықтың сүйіктісі" байқауында "Жылдың үздік жобасы" атануы – біз үшін ерекше мәртебе. Бұл, ең алдымен, ауылдағы мыңдаған баланың еңбегі мен талпынысына берілген баға. 2025 жыл қор үшін ауқымды жобалар мен жарқын жеңістерге толы болды. Біз ауылдағы балаларды спортқа баулу үшін алдымен инфрақұрылымды дамыту қажет екенін түсініп, осы бағытта да жүйелі жұмыс атқардық", – деді қордың атқарушы директоры Ғалымбек Жақсылықов.