Астанаға көшіп келушілердің қатары күн сайын артып жатқанына алаңдаған Үкімет енді елордада жаңа тұрғын үйлер құрылысының санын азайтуға бел буып отыр. Билік ірі қаладағы инфрақұрылым тапшылығының кесірінен осындай шешімге келді, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Бұл ұсыныс "Астананың тұрғын үй қорын жаңғыртудың 2028 жылға арналған мемлекеттік бағдарламасын бекіту туралы" қаулысына енгізіліп, ашық талқыға жолданды.

Құжатта соңғы үш жыл ішінде Астана қаласында 10 миллион шаршы метр тұрғын үй салынып, 5-6 жылдық жоспар орындалғаны жазылған. Егер баспана құрылысы дәл осы қарқынмен жүргізілсе, электр жарығы, ауыз су мәселесі одан сайын күрделеніп кетеді. Сол себепті тұрғын үй құрылысын тежеп, инфрақұрылым жүйелерін дамыту көзделіп отыр.


Оқи отырыңыз: Құрылыс саласының қарқыны мен ипотека беру болашағы Астанада өткен халықаралық форумда талқыланды.


Ал баспана салу жұмыстары тек 2028 жылдары ғана қайта жандануы мүмкін деген жоспар бар. Сарапшылар қазір елордаға қоныс аударатын азаматтардың көп екенін ескерсек, бұл бастама баспана бағасының одан сайын шарықтап кетуіне әкеледі деген пікірде.