Астана қаласы әкімдігінің мәліметінше, жәрмеңкеге Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарының шаруалары қатысады.

14 және 15 қазанда сағат 9:00-ден 18:00-ге дейін Тәуелсіздік даңғылы, 50 мекенжайында орналасқан Өнер университеті ғимаратының алаңында Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен қайта өңдеу кәсіпорындарының қатысуымен жәрмеңке өтеді.

Шығыс Қазақстан облысынан 9 аудан, Солтүстік Қазақстан облысынан 13 аудан мен Петропавл қаласы қатысады.

Шығыс қазақстан облысының  шаруалары мен қайта өңдеу кәсіпорындары Астана тұрғындарына жоғары және табиғи сапалы таза өнімдерін ұсынады. Бұл облыстың тауар өндірушілері Астанаға 244,5 млн теңге сомасына 123,2 тонна өнім тасымалдайды.


Оқи отырыңыз: "Келісі – 3 мың теңге". Тосап қайнату маусымында жеміс-жидек бағасы шарықтады.


СҚО аграршылары елорда қонақтары мен тұрғындарына мынадай өнімдер ұсынады: 100 тонна ет, 495 тонна картоп пен көкөніс, 33 тонна сүт өнімдері, 120 мың дана жұмыртқа, 5 тонна балық, 10,5 тонна бал, 7 тонна шұжық өнімдері, 75 тонна ұн мен макарон өнімдері және 12 тонна басқа да өнімдер.

Өнімнің жалпы көлемі 733 тоннадан асады.

Жәрмеңкедегі бағалар әдеттегіден арзан болады.