Үкімет басшысы Әлихан Смайылов кейінгі уақытта халықтың құрылыс жұмыстарының сапасына және олардың ретсіз, бей-берекет салынуына, объектілердің уақтылы іске қосылмауына қатысты өте көп шағымдана бастағанын айтты, деп жазды премьер-министрдің ресми сайты

"Мәселен, Астанада "Будапешт" тұрғын үй кешенінің тұрғындары былтыр қыс басталардың алдында жылусыз қалды. Шымкентте осыдан бес жыл бұрын ғана мемлекеттік бағдарламамен салынған көппәтерлі тұрғын үйдің қабырғалары жарылып, лифтілер жиі істен шығады. Алматыда таулы жерлерде, суға жақын маңдарда және ерекше қорғалатын аумақтарда құрылыс салу кезінде заңнаманы бұзудың 150-ден астам фактісі анықталды", – деп атап өтті премьер-министр.

Оның айтуынша, тағы бір өзекті проблеманың бірі – құрылыс кезінде рұқсат құжаттарының болмауы. Алматыда салынып жатқан "Төлеби Резиденс" тұрғын үй кешенінде құрылысқа қажетті құжаттар жоқ. 

"Астананың бір өзінде тиісті құжаттары жоқ осындай 90-ға жуық тұрғын үй кешені салынып жатыр. Өздеріңіз білетіндей, сот құжатсыз салынған "Дублин" тұрғын үй кешенін бұзу туралы шешім шығарды", – деді Әлихан Смайылов.


Оқи отырыңыз: Қазақстанда 600 мыңнан астам отбасы тұрғын үйге мұқтаж


Үкімет басшысы тұрғын үй құрылысындағы ең өзекті мәселенің бірі құрылыстың жеткілікті деңгейде инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілмеуі екенін атап өтті.

"Елорда қазір осындай проблемаға тап болып отыр. Астанада энергия ресурстары жетіспейді, сумен қамтамасыз ету мәселесі қатты сезілуде. Осыған байланысты тұрғын үйді пайдалануға берудің жоспарланған көлемі азайтылды. Басқа өңірлерде осындай жағдайларға жол бермеу үшін барлық әкімдіктер елді-мекендердің перспективалық дамуына тиісті талдау жүргізуі қажет", – деп атап өтті Әлихан Смайылов.

Ол көбінесе, жоспарлау проблемалары тұрғын үйді пайдалануға беру кезінде анықталатынын, сондықтан инфрақұрылым мәселелерін жер учаскесін бөлу және құрылысқа рұқсат беру кезінде шешу керек екенін атап өтті.