Биыл елордада қаланың бес ауданында рұқсат етілмеген 33 қоқыс орны жойылды, 45 мың тоннаға жуық қалдық шығарылды, деп хабарлады қала әкімдігінің баспасөз қызметі.

Сарыарқа ауданында мониторинг нәтижелері бойынша, 12 стихиялық қоқыс орны табылды. Бүгінгі таңда олардың сегізі пысықталды, қалғандары бойынша жұмыс аяқталу сатысында. Мердігерлік ұйымдар 16 мың тоннадан астам қоқыс шығарды.

Байқоңыр ауданында көлемі 3,3 мың тоннадан асатын рұқсат етілмеген үш полигон жойылды.

"Алматы ауданында жойылған 20 орыннан 15 000 тонна (2 142 рейс) қоқыс шығарылды. Есіл ауданында көлемі 150 мың тонна болатын рұқсат етілмеген полигондардың жеті орны анықталды. 9 мың тонна қалдық шығарылды. Жұмыс жүріп жатыр. Нұра ауданынан жойылған орыннан 588 тонна қоқыс шығарылды", – делінген хабарламада.

Астанада рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерінен қоқыс жинауға арналған қалалық ҚТҚ полигонының жанында уақытша алаң белгіленді, ол Алаш, 64 тас жолында орналасқан.

"Күн сайын iKomek арқылы құрылыс алаңдарынан қоқыс шығару және белгіленбеген орындарға қоқыс тастау фактілері анықталады, құқық қорғау органдарымен бірлесіп, рейдтік іс-шаралар жүргізіледі. Жыл басынан бері 232 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды", – делінген хабарламада.

Заңсыз полигондарды жою жұмысы жалғасып жатыр. Оның ішінде жаңа ошақтардың пайда болуына жол бермеу бойынша шаралар қабылданады.