Астанада қырғыз батыры Айкөл Манас ескерткіші ашылды
Мемлекет басшысы шарада сөйлеген сөзінде елордада мұндай еңселі ескерткіштің бой көтеруі, ең алдымен, қазақ халқының қырғыз ағайынға деген риясыз құрметінің белгісі екенін атап өтті.
"Екі жыл бұрын Бішкекте ұлы Абайдың ескерткіші ашылғанын білесіздер. Мен сол шараға арнайы барып қатыстым. Мұндай игі бастамалар екі елдің достық байланысын нығайта түсетіні сөзсіз", – деді Қазақстан президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев мыңжылдық тарихы бар Манас жырын барша адамзат руханиятында өзіндік орны бар бірегей мұра ретінде атап өтіп, оны тек қырғыз халқының ғана емес, тұтас түркі жұртының баға жетпес қазынасы деуге болатынын айтты.
"Әйгілі жырдың заман сынағынан аман өтіп, бүгінгі күнге жетуіне қазақ ғалымдары зор үлес қосқан. Осы орайда Шоқан Уәлиханов, Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұлан сияқты біртуар тұлғаларды атап өтуге болады", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан Президенті екі елдің мәдени мұраларының тамыры бір екеніне назар аударып, қазақ пен қырғыздың әйгілі тұлғалары қай кезде де өзара тілектес, ниеттес болғанына тоқталды. Мемлекет басшысы еліміздегі су тасқынына қарсы күресте көмек қолын созған барша қырғыз жұртына қазақ елінің атынан зор ризашылығын білдірді.
"Бас қаламызда бой көтерген осы сәулет туындысы түбі бір түркі жұртының бірлігін көрсетеді. Бұл – Манасқа ғана емес, қазақ пен қырғыздың мәңгілік бауырластығына қойылған ескерткіш. Мен екі елдің достығы ешқашан мызғымайды деп сенемін", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Өз кезегінде Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров Манас жыры қырғыз халқының тарихи және рухани мұрасына айналғанын атап өтіп, ұрпақтан ұрпаққа жеткеніне тоқталды.
"Дүниежүзілік ауыз әдебиетінің ең ұлы туындысы болған Манас эпосын зерттеуде қазақ халқының біртуар тұлғаларының қосқан үлесі зор екенін айту – тарихи әділеттілік. Бұл орайда талантты зерттеуші Шоқан Уәлиханов Манас эпосына қызығып, қағаз бетіне түсіріп, ғылыми айналымға енгізді. Сондай-ақ ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің Манас туралы алғашқы монографиялық еңбек жазғаны қазақ-қырғыз арасында кеңінен мәлім. Сондықтан бүгін Қырғызстан мен Қазақстан қарым-қатынасындағы тарихи күн. Айкөл Манас ескерткішінің қазақ жерінде ашылуы екі елдің бауырластығын тағы бір мәрте дәлелдеді", – деді Қырғызстан президенті.
Сонымен қатар Садыр Жапаров барша қырғыз елінің атынан Қасым-Жомарт Тоқаевқа және Айкөл Манас ескерткішін ашуға үлес қосқан азаматтарға ризашылығын білдірді.
Салтанатты шараға Қырғызстанның ресми делегация мүшелері және екі елдің зиялы қауым өкілдері қатысты.