Астанада мердігер тұрғын үй компаниясының пәтерлерін үлескерлерге заңсыз сатып жіберген
Үлестірілген 89 пәтердің әрбірінің шаршы метрі 130 мың теңгеге бағаланған.Рейдерлік әрекетке тап болған "Ер-Тау" ЖШС құрылыс компаниясы Алматыда әділдік іздеп баспасөз мәслихатын өткізді. Астанада көппәтерлі тұрғын үй тұрғызған компания "жалған" мердігермен шарт жасасамын деп, заңсыздыққа тап болған. Бұл туралы баспасөз мәслихатында компания басшысы Мұрат Тасов егжей-тегжей баяндап берді.
Оның түсіндіруінше, компания 2019 жылы тұрғын үй кешенінің құрылысын бастап, 2021 жылы қаңқасын тұрғызған. Содан кейін инвестор болуға ниет танытқан мердігер "Нұрлы Жол-К-2008" ЖШС компаниясымен алдын-ала шарт жасасады. Бірақ, бұл шарттың мақсаты тек мердігердің қарым-қабілетін тексеруді көздейді және оның техникалық базасын тексеруге мүмкіндік беретін болған. Сәйкесінше, мердігердің бұл шарттың аясында құрылыс жүргізуге немесе өзге де әрекеттер жасауға құқығы болмаған.
Дегенмен, мердігер шарт талаптарын өрескел бұза отырып, әлі құрылысы аяқталмаған тұрғын үй кешенінің пәтерлерін үлескерлерге сатылымға шығарған және мұны "Ер-Тау" ЖШС құрылыс компаниясынан жасырын істеген. Бұл заңсыздық кездейсоқ әшкере болыпты.
"2021 жылдың басында Krisha.kz сайтындағы хабарландырулар арасынан біз салып жатқан тұрғын үй кешенінің пәтерлері саудаланып жатқанын білдік. Сатушы ретінде "Нұрлы Жол-К-2008" компаниясы көрсетілген. Олар заңсыз әрекет ету арқылы, нақтырақ айтсақ, қолдан жалған құжаттар жасап, пәтерлерді үлескерлерге арзан бағамен сатқан", – деді Мұрат Тасов.
Бұдан кейін компания мердігердің үстінен құқық қорғау органдарына бірнеше рет арыз түсіреді. Алайда, еш нәтиже болмағандықтан, алдымен аудандық, кейін қалалық прокуратураға арыз жазады.
"Бір жыл бойғы әрекетімізден нәтиже болмады, түк өндіре алмадық. Тергеу органдары "материалдық шығын жоқ" деген желеумен істі әрдайым қысқартып отырды. Мен ең бірінші арыз түсірген кезде 10-ға жетер-жетпес үлескер болған. Осы күнге дейін қанша үлескер бар және олардың қанша ақша салғаны туралы нақты ақпарат жоқ. Өйткені, құзырлы органдар тергеу амалдарын дұрыс жүргізбеді", – деп түсіндірді компания басшысы.
Тергеу шараларынан кейін "Нұрлы Жол-К-2008" ЖШС директоры әрі құрылтайшысы қамауға алынғанымен, қылмыстық іс соңына дейін жан-жақты тергеліп, зерттелмеген. Сондықтан да, үлескерлер алдындағы қарыздар "Ер-Тау" ЖШС құрылыс компаниясының мойнына ілініп отыр. Оған қоса, көппәтерлі тұрғын үй құрылысы тоқтап, компанияның құзырынан шығарылған.
"2023 жылғы тамызда Астананың Сарыарқа ауданының прокуроры Дәурен Дайыровтың атынан біз тұрғызып жатқан көппәтерлі тұрғын үй кешенін "Нұрлы Жол-К-2008" ЖШС компаниясының үлескерлерінің мүддесіне өндіріп беру туралы талап-арыз түскен. Өкінішке қарай, сот прокуратураның талап-арызын қанағаттандырды. Біз бұған қарсылық танытып, апелляциялық сотқа шағымданғанымызбен, сот шешімді өзгеріссіз қалдырды", – деді компания адвокаттары.
Бұл іске рейдерлік әрекет ретінде баға беріп отырған компания басшылығы Бас прокуратура, Жоғарғы сот және мемлекет басшысының атына хат жазып, әділдік талап етіп отыр. Компания өкілдері 2021 жылы "Нұрлы Жол-К-2008" компаниясының әрекетінде алаяқтық барын дәлелдеген Экономикалық соттың шешіміне қайта назар аударуды сұрайды.
Еске салайық, "Ер-Тау" ЖШС 2014 жылы көппәтерлі тұрғын үй кешенін салу үшін Астана қаласынан 6 жер учаскесін сатып алып, құрылыс жұмыстарын 2018 жылы бастаған. Құрылыс жұмыстарының 35 пайызы аяқталған. Шығын көлемі – 4 миллиард теңгеге жуық.