Астанада алма, мамыргүл және қызғалдақ гүлдеді
Көктемгі қызғалдақтар да саябақты сұлулығымен безендіріп тұр.Байқоңыр ауданындағы Ататүрік саябағында Алма аллеясы бар. Қазіргі уақытта бұл саябақта 100-ге жуық алма, 50-ден астам мамыргүл гүлдеді. Бұл туралы Астана қаласының әкімдігі хабарлады.
Астана тұрғындары мен қонақтары саябақта бос уақытын өткізіп, алма, мамыргүл және қызғалдақ ағаштарының жанында суретке түскенді ұнатады.
"Елордада мұндай алма ағаштары бар деп мүлде ойламаппын. Соңғы рет мұндай сұлулықты Түркияда көрдім. Бүгін саябаққа тек серуендеу үшін келдік. Ал мұндағы сұлулықты көргеннен кейін серуеніміз фотосессиямен жалғасты. Бұл жер сондай әдемі", – деді саябаққа келушілердің бірі Гүлдария Сәрсенова.
Елорданың өзге де тұрғындары мен қонақтарының айтуынша, бұл саябақ елордадағы ең тыныш, демалу үшін таптырмас орын әрі ерекше көріністері бар.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда қызғалдақтың 18 түрін ғана жұлғандарға жаза бар. Бірақ, оны неге мүлде жұлуға болмайды?
Айта кету керек, "Ататүрік" саябағы 20 жыл бұрын 2004 жылы салынған. Саябақ елорда тұрғындары мен қонақтарының ең сүйікті орындарының біріне айналды. Мұнда елорданың мәдени-бұқаралық іс-шаралары өтеді.