Астанада 2027 жылға дейін 80 мектеп салынады
Нәтижесінде 200 мыңға жуық оқушы орны (екі ауысымды) ашылады.Астана қаласы әкімдігінің мәліметінше, бұл шаралар қазіргі уақытта мектептерге түсіп жатқан шамадан тыс жүктемені реттеп қана қоймай, алдағы уақытта орын тапшылығы мәселесін толығымен шешуге мүмкіндік береді. Сол сияқты қалада "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр.
"Қала тұрғындарының өсуін ескерер болсақ, әлеуметтік нысандарға деген қажеттілік артып келеді. Қазіргі оқу жылында 14 мектептің құрылысын аяқтаймыз. Олардың бір бөлігі қазірдің өзінде жұмыс істеп тұр. 2024 жылы 22 мектеп, ал 2025-2026 жылдары тағы 20 мектеп салу жоспарланып отыр. Бұл "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында салынып жатқан мектептерді есепке алмағандағы жоспар", – деді Астана әкімі Жеңіс Қасымбек.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қалада "Жайлы мектеп" жобасын іске асырылып жатыр.
"2024-2025 жылдар аралығында 90 мыңға жуық оқушыға арналған 24 жайлы мектеп салынады. Мысалы, олардың 15-і қарқынды дамып келе жатқан Есіл мен Нұра аудандарында орналасатын болады. 2027 жылға дейін 200 мыңға жуық оқушы орнына (2 ауысымды) есептелген 80 мектеп салуды жоспарлап отырмыз", – деді ол.