Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында Road to Abu Dhabi атты халықаралық фиджитал турнирінің іріктеу кезеңі басталды. Турнир қорытындысы бойынша Қазақстаннан 2025 жылғы Болашақ ойындарына қатысатын екі команда анықталады. 

Бұл іріктеу жарысы – фиджитал форматындағы әлемдік деңгейдегі екінші ірі мультиспорттық турнир – Болашақ ойындарына апарар маңызды кезең. Биыл желтоқсан айында Абу-Даби қаласында өтетін додада Қазақстанды барлығы үш команда таныстырады. Бір команда – Қазанда өткен жарыста фиджитал шутер бағыты бойынша жеңіске жеткен ұжым, ал қалған екі команда осы аптада Астанада анықталады.

"Бұл турнир Абу-Дабидегі Болашақ ойындарына іріктеудің ең маңызды кезеңі. Биыл желтоқсан айында ұйымдастырылатын іс-шараға  Қазақстаннан 3 команда қатысады. Біріншісі Қазан қаласында өткен турнирінің фиджитал шутер бағытының жеңімпазы, тағы екеуі осы турнирдің нәтижесінде анықталады", – деді турнирді ұйымдастыру дирекциясының басшысы Әлібек Хасенов.

Фиджитал спорт – цифрлық және физикалық кезеңдерді біріктіретін жаңа спорт түрі. Қатысушылар алдымен компьютерлік симуляцияда (мысалы, FIFA немесе NBA 2K) екі тайм ойнайды, содан кейін дәл сол есеппен нақты алаңға шығып, тағы екі тайм өткізеді.

Фото: "Қазспортинвест" АҚ баспасөз қызметі

Алғашқы болып жарыс жолына фиджитал футбол командалары шықты. Бұл дисциплина бойынша чемпион 23 шілде күні анықталады. Матчтар мини-футбол ережесіне сай өтеді, ал алаңдағы әділдік пен тәртіпті Қазақстан футбол федерациясының бірінші санатты төрешісі Данат Мұхаметғалиев қадағалайды.

"Бұл – нағыз мини-футбол ережесімен өтетін ойын. Фиджитал спортшыларға классикалық турнирлердегі ойыншылар сияқты барлық шеберлік қажет", – деді ол.

Турнирге қатысушы командалар қатарында UEL Team де бар. Команда өкілі Евгений Набиуллиннің айтуынша, олардың басты мақсаты – Абу-Дабиде өтетін жарысқа жолдама алу және 1 млн долларжүлде қорына ие болу.

"Біз үшін фиджитал спорт – жай хобби емес, кәсіби деңгейде әлемдік аренаға шығуға берілген мүмкіндік. Бұрын бұл жігіттердің болашағы бұлыңғыр еді, енді оларда спорттық мансап құруға үміт пайда болды. Біз келесі жылы Астанада өтетін Болашақ ойындарына да дайындалып жатырмыз. Қазақстанның Орталық Азияда фиджитал спортты дамыту орталығына айналу мүмкіндігі зор деп сенеміз", – деді Евгений Набиуллин.

Фиджитал футболдан кейін жарыс бағдарламасы фиджитал баскетболмен жалғасады. Бұл дисциплина бойынша жеңімпаз 26 шілде, сенбі күні өтетін финалда белгілі болады.