Астанада 18 тісін емдеткеннен кейін көз жұмған үш жасар қыздың өліміне қатысты сот үкімі жарияланды
Астанада жекеменшік клиникалардың бірінде наркозбен тіс емдеткеннен кейін үш жасар қыз баланың көз жұмып, іс бойынша сот үкімі шықты. Аталған іс аясында дәрігер-анестезиолог Аида Жұмағалиева айыпталды.
Сот Аида Жұмағалиеваны Қылмыстық кодекстің 317-бабының 3-бөлігіне сәйкес, яғни медицина қызметкерінің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамауы салдарынан абайсызда адам өліміне әкеп соққан әрекеті үшін кінәлі деп таныды.
Сот үкімімен Аида Жұмағалиева 2 жыл мерзімге бас бостандығынан, сондай-ақ 3 жыл бойы медициналық қызметпен айналысу және медициналық қызмет көрсету құқығынан айырылды. Алайда амнистия туралы заңның қолданылуына байланысты ол негізгі жазасын өтеуден босатылды.
Оқи отырыңыз: Ғалымдар егде жаста мидың жұмысын жақсартудың оңай жолын тапты
"Аида Жұмағалиева негізгі жазаны өтеуден босатылсын. Үкім заңды күшіне енгеннен кейін ол тұрғылықты жері бойынша пробация қызметіне тіркеуге тұру үшін келуге міндеттелсін. Сондай-ақ оған қатысты таңдалған процессуалдық мәжбүрлеу шарасы – келу туралы міндеттеме үкім заңды күшіне енген соң жойылсын", – деп мәлімдеді судья.
Еске сала кетейік, қайғылы оқиға 2024 жылғы 30 қазанда Астанадағы жекеменшік клиникалардың бірінде болған. Наркозбен тіс емдету процедурасынан кейін үш жасар қыз бала оянбай қалған. Марқұмның әкесі сот отырысында емдеу үдерісі үш жарым сағаттан астам уақытқа созылғанын және стоматологтың бірден 18 тісті емдегенін хабарлаған.