Аталған жобаға Беларусь, Армения, Өзбекстан мен Ресейден әншілер қатысты. Бұл туралы ҚР Мәдіниет және ақпарат министрлігі хабарлады.

Дінмұхамед Көшкінбаев – ASTANA OPERA Халықаралық опера академиясының түлегі, Бибігүл Төлегенова байқауының бас жүлде иегері, Ева Мартон танымал халықаралық вокалистер байқауының (Венгрия) финалисі.

Қараша айында әншінің жеңістер қазынасы тағы бір мәртебелі марапатпен толықты: орындаушы "Opera Crown Tbilisi" халықаралық вокалдық байқауында үшінші орынды иеленіп, арнайы жүлдесін алды.

"Большая опера» жобасындағы жеңіс – мен үшін үлкен оқиға, шығармашылық мансабымдағы маңызды кезең әрі зор тәжірибе. Шынымды айтайын, оған қол жеткізу оңай болған жоқ. Әрбір шығарылымға жеке спектакльде өнер көрсететіндей дайындалу қажет болды, бейнеге ену және орындау ең жоғары деңгейде болуы тиіс еді. Мен өзім шексіз құрметтейтін және тамсанатын қазылар алқасының алдында ғана емес, сонымен қатар үлкен телевизиялық аудиторияның алдында өнер көрсететінімді жете түсіндім. Сондай-ақ менің өнер көрсетуіме қарап, көрермендердің біздің еліміздегі вокалдық өнер деңгейін бағалайтынын да білдім", – деді Дінмұхамед Көшкінбаев.

"Большая опера" – "Культура" телеарнасының танымал жобасы, оның тұсаукесері 2011 жылы өткен болатын. Оған шоу мен академиялық концерт элементтері біріктірілгендіктен, оның барлық маусымдары көрермендердің зор қызығушылығын туғызған.


Оқи отырыңыз: Телеарналар рейтингін әзірлеуде монополияны жойып, отандық кино шығындарын қайта қарау қажет


Қазақстандықтар аталмыш жобада бұрын да жеңіске жеткен болатын: 2014 жылы қатысушылар арасында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Опера» театрының жетекші солисі, ұлттық және халықаралық вокал байқауларының лауреаты Салтанат Ахметова үздік опера әншісі деп танылды.