Қазақстан мен Өзбекстан екі елдің туристік әлеуетін арттыруға бағытталған жаңа халықаралық "Астана – Самарқанд" бағытын ашуды жоспарлап отыр. Бұл мәселе "Жолаушылар тасымалы" АҚ мен "Узбекистон темир йуллари" АҚ басшылығының кездесуінде талқыланды, деп хабарлады "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ баспасөз қызметі

"Астана – Самарқанд" бағыты бұған дейін іске қосылған Алматы – Түркістан – Ташкент – Самарқанд бағытындағы "Jibek Joly" туристік бағдарының жалғасы болмақ. 


Оқи отырыңыз: Қазақстан мен Өзбекстан арасында алғашқы теміржол туры іске қосылады


Баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесу барысында халықаралық бағыттардағы пойыз қозғалысының кестесін жолаушыларға ыңғайлы ету және жолаушылар ағынын ұлғайту мүмкіндіктері де талқыланды.

"Өзбекстан тарапының ұсынысы бойынша №1/2 "Алматы-Ташкент" пойызының қозғалыс кестесі өзгертіліп, енді жолаушылар үшін жөнелту және келу уақыттары қолайлырақ болды. №1/2 "Алматы-Ташкент" пойызы Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы көлік қатынасының маңызды құрамдас бөлігіне айналды. Өткен жылы бұл бағытта 72 мыңнан астам жолаушы тасымалданды, бұл маршруттың сұраныс деңгейінің артып келе жатқанын көрсетеді. Екі ел арасындағы қашықтық 988 км құрайды", – делінген ҚТЖ хабарламасында.