Астана маңында аумағы 412 гектарды құрайтын "Бозоқ" мемлекеттік тарихи-мәдени мұражай қорығы салынып жатыр, деп хабарлады Мәдениет және спорт министрлігі.

Қазіргі кезде құрылысшылар мұражай аумағына қос қапталдан кіруге арналған биіктігі 7 метрден асатын кіреберіс қақпа мен бекініс қабырғаларының құрылысымен айналысуда. Мұнаралар мен қабырғалар арнайы құрылыс материалдарымен қапталады. 

"Жобаның негізгі мақсаты – ашық аспан астындағы музейде дала өркениетінің озық жетістіктерін көрсету. Мұнда Бозоқ қалашығымен қатар, энеолит дәуірінен орта ғасырларға дейінгі тарихи кешендердің құрылысы бой көтереді. Әр тарихи кешенде материалдық және рухани мәдениеттің қалыптасу тарихы көрсетіледі. Атап айтсақ, сарай кешендері, ғибадатханалар, тұрғын үйлер, металлургиялық және қыш пештер, ұстаханалар мен шеберханалар, қолөнершілер орамы, ортағасырлық базар, петроглифтер және тағы басқа көрсетіледі", – деді Мәдениет және спорт министрлігі.


Оқи отырыңыз: Мұражайға экскурсия, мәдениет қайраткерлерін тыңдау. Антикор қызметкерлеріне қалай тәрбие бермек?


Болашақта "Бозоқ" инновациялық жоба ретінде елорданың ғана емес еліміздің туристік картасында тартымды мәдени инфрақұрылымға айналады деп күтілуде.  

"Бүгінгі жастар көзбен көріп, қолмен ұстауға болатын ақпаратты жақсы қабылдайды. Жаңа форматтағы музей оларға сол дәуірдің атмосферасын, халықтың тұрмысын толық сезінуге және дала өркениетінің озық мәдениетімен танысуға мүмкіндік береді. Бұл жоба болашақта Қазақстанның танымал туристік брендтерінің біріне айналатыны анық. Музей-қорық ашу ішкі туризмді дамытуға мүмкіндік беріп, елорда өңірінің инвестициялық тартымдылығын жақсартады. Сондай-ақ, Қазақстанның халықаралық имиджінің өсуіне оң ықпал ететін болады", – деді ҚР МСМ "Бозоқ" мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Сәуле Бөрібаева.