Астана әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, биыл Астана қаласының 25 жылдығына орай, қалада 100-ден астам іс-шара өткізу жоспарланып отыр. Олардың 90-ға жуығы – қала тұрғындары мен қонақтары үшін тегін болмақ.

Маңызды іс-шаралар қатарында қалада гүлдер фестивалі мен кітап жәрмеңкесін өткізу жоспарланған.

Gul Astana гүлдер фестивалі 5-6 шілде күндері ЭКСПО алаңында өтеді. Шарадан түскен қаражаттың барлығы Астана ботаникалық бағындағы сирек кездесетін өсімдіктерді сақтау жөніндегі ғылыми бағдарламаны қолдауға жұмсалады.

Урбанистердің қатысуымен ниет білдірушілер Астананың жасыл картасын жасайды, онда олар қаладағы жасыл саябақтар үшін ең жақсы орындарды белгілейді, олардың сүйікті ағашының қай жерде өсетінін көрсетеді және Елорданың символ-гүлін таңдайды.

Ал Kitap Fest Astana кітап жәрмеңкесі 7 шілде күні сағат 11:00-19:00 аралығында ЭКСПО алаңында өтеді. Онда кітаптарды 5-20% жеңілдікпен сатып алуға болады.

Сонымен қатар, мереке күндері бірқатар әлеуметтік нысандардың ашылуы, соның ішінде оқушылар сарайы, дене шынықтыру-сауықтыру кешені, аулалар мен қоғамдық кеңістіктер ашылып, үлескерлерге пәтер кілттері табысталады.