Астана қаласында өткен Road to Abu Dhabi іріктеу турнирінің финалында жеңіске жеткен РВС Astana баскетбол клубы "Болашақ ойындары – 2025" халықаралық мультиспорттық фиджитал турниріне қатысу құқығына ие болды.

Команда құрамында Қазақстанның ұлттық құрамасының ойыншылары – Руслан Айтқали мен Асқар Майдекин өнер көрсетті. Желтоқсан айында Абу-Дабиде өтетін жарыста дәл осы команда еліміздің намысын қорғайтын болады.

РВС Astana фиджитал баскетболдың екі бағыты – дәстүрлі (физикалық) және цифрлық форматында да үздік нәтижелер көрсетті. Олар қарсыластарын әрі алаңда, әрі виртуалды кеңістікте жеңе білді.

Екінші орынды Алматы қаласының атынан қатысқан Saubol Basketball командасы иеленді. Бұл команданың құрамында кибербаскетбол бойынша Қазақстан құрамасының мүшелері және түрлі жарыстарда топ жарған тәжірибелі ойыншылар бар.

"Бұл – отандық спорт үшін тарихи сәт. Ұлттық құраманың ойыншылары өнер көрсеткен команда дәстүрлі спорттағы шеберлікті заманауи цифрлық мүмкіндіктермен ұштастыра алатынын дәлелдеді. Шынайы және виртуалды алаңда қатар ойнап, жеңіске жете білу,  кәсіби спортшыларға жаңа бағыттар мен тың мүмкіндік ашады. Біз жеңімпаз командалардың Абу-Дабиде Қазақстанды лайықты таныстырып, әлемнің түкпір-түкпірінен келген фиджитал спортшыларға осал қарсылас болатынына сенімдіміз", – деді Болашақ ойындары-2026 турнирін ұйымдастыру және өткізу дирекциясының басшысы Әлібек Хасенов. 

Іріктеу турнирі Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында өтті. Фиджитал баскетбол мен футбол бойынша ұйымдастырылған бұл дода – Games of the Future 2025 турниріне жолдама беретін негізгі кезеңдердің бірі.

Айта кетейік, бұған дейін xGod командасы Қазанда өткен турнирде фиджитал шутер бағыты бойынша жеңіске жетіп, Абу-Дабиге жолдама алған болатын. Ал қарағандылық UEL Team фиджитал футболдан үздік танылып, халықаралық додаға қатысу құқығын жеңіп алды.

Фиджитал спорт бағытындағы алғашқы халықаралық турнир 2024 жылы Қазанда өтті. Екінші жарыс биыл Абу-Дабиде өтсе, 2026 жылғы Болашақ ойындары жазда Астанада ұйымдастырылады. Оған әлемнің 100-ге жуық елінен спортшылар қатысады деп күтілуде.