Астана автобустары камерамен жабдықталады: Bus Lane ережесін бұзғандар айыппұл төлейді
Астанада қоғамдық көліктерге арнайы камералар орнату басталды. Жаңа құрылғылар автобус жолағын заңсыз пайдаланған жүргізушілерді тіркеуге мүмкіндік береді. Пилоттық жоба 1 наурыздан бастап іске қосылды, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Жоба аясында камералар автобустың алдыңғы және артқы бөлігіне орнатылады. Бұл автобус жолағына заңсыз кірген көліктерді екі бағытта да анықтауға мүмкіндік береді.
Жол қозғалысын ұйымдастыру орталығы директорының орынбасары Руслан Абдуалиевтің айтуынша, камералар Bus Lane жолағын бақылау үшін тестілік режимде іске қосылған.
"Биыл 1 наурыздан бастап қоғамдық көліктерге Bus Lane жолағын бақылауға арналған камераларды тестілік режимде орнату басталды. Пилоттық кезеңде құрылғылар автобустың алдыңғы және артқы бөлігіне қойылады. Бұл автобус жолағын заңсыз пайдаланған көліктерді екі бағытта да тіркеуге мүмкіндік береді. Камералар көлік ағынының қарқындылығын өлшеп, қоғамдық көліктің кедергісіз қозғалуына жағдай жасау үшін қолданылады", – деді Руслан Абдуалиев.
Мамандардың айтуынша, бұл жоба қоғамдық көліктің жылдам әрі кедергісіз қозғалуына мүмкіндік береді. Нәтижесінде жолаушылардың сапар уақыты қысқарып, автобустар кестеден кешікпей қатынайды.
Алайда жаңа бастама кейбір жүргізушілердің наразылығын тудырды. Олардың пікірінше, мұндай жүйе айыппұл санын көбейтуі мүмкін. Кей жүргізушілер кептеліс кезінде автобус жолағын уақытша пайдалануға рұқсат беруді ұсынады.
Дегенмен мамандардың айтуынша, Bus Lane жолағын бақылау қоғамдық көліктің қозғалысын реттеуге және жолдағы тәртіпті күшейтуге бағытталған.