Астанадағы Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы ақша айырбастау қызметімен айналысатын "Сервис-АСТ" ЖШС компаниясына әуежай ғимаратындағы орынды жалға беру бойынша құқықтарды қайтару туралы Жоғарғы соттың шешімін орындамай отыр. Бұл туралы Алматыдағы Қазақстан баспасөз клубында компанияның қорғаушысы, Алматы қалалық адвокаттар алқасының адвокаты Алма Мусина мәлімдеді. Оның сөзінше, шешім 2024 жылғы 5 қарашада күшіне енген. 

Еске салайық, "Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы" АҚ (басқарма төрағасы Юсуф Альжафер) мен "Сервис-АСТ" ЖШС компаниясы арасындағы дау бір жылдан бері жалғасып келеді. 2024 жылғы 1 сәуірде әуежайдың жаңа басқарушылары тарапынан Yes Exchange ақша айырбастау пунктінің екі кассасының бірінің орнын босату туралы ауызша талап қойылған. Оның себебін түсіндіруді сұрап жазған компания хаттары жауапсыз қалғандықтан, кәсіпкер әуежайды сотқа берген болатын. Ол туралы Информбюроның осы және осы материалынан толығырақ оқи аласыздар. 

Адвокат Алма Мусинаның айтуынша, Астана қаласының экономикалық соты арызданушының шағымын ішінара қанағаттандырып, орынды жалға алу құқығын "Сервис-АСТ" ЖШС компаниясына қайтарып беруді міндеттеген. Әуежай тарапынан түсірілген апелляциялық шағым да кәсіпкердің пайдасына шешіліп, 2024 жылғы 5 қарашада сот шешімі күшіне енген. 

"Бұдан кейін Юсуф Альжафер басқаратын Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы Жоғарғы сотқа шағымданды. Бірақ, сот шешімді өз күшінде қалдырды. Демек, 2024 жылғы 5 қарашадан бері сот шешімі әлі жүзеге асырылмай отыр деген сөз. Әуежай Жоғарғы сот шешімін де елеместен, бұрын Сервис-АСТ жалға алып келген орынға жайғасқан басқа компаниядан келісімшарт негізінде жалдау ақысын алып отыр. Бірақ, сот шешімі күшіне енген сәттен бастап бұл келісімшарт заңсыз болып саналады. Тіпті, сот шешімін сот орындаушылары да орындай алмай отыр", – деді адвокат Алма Мусина. 


Оқи отырыңыз: Астана әуежайындағы ақша айырбастау пункті неге жабылуы мүмкін


Кәсіпкер Айнұр Рахымова осы жағдайға байланысты бір жылдан бері кәсібі шығынға батып отырғанын айтады. Жалпы есеп бойынша, шығын көлемі 150 миллион теңгеге жуықтаған. 

"Қызметкерлер жұмыссыз қалды. Бірақ, олардың жұмыс істемегеніне қарамастан, жалақы төледім. Дегенмен, жанға ең бататыны – кәсіпкерлерді қолдауды көздейтін Қазақстан заңдарының шетелдік инвесторларға келгенде орындалмай қалуы. Егер бұл жерде қазақстандық инвестор болса, жағдай бұлай болмас еді деп ойлаймын", – деген кәсіпкердің сөзін компанияның коммерциялық директоры Дәурен Медьяев те қостады. 

Оның айтуынша, компания әуежайдағы бірінші кассаны 2020 жылы іске қосса, екіншісі жұмысын 2022 жылы бастаған. Әуежай басшылығы осы екінші касса жұмысы бойынша жасалған шартты 2024 жылы ұзартудан бас тартқан болса, енді биылғы жыл басынан бері бірінші касса бойынша да шартты ұзарту ісі тоқтап тұр. Сәйкесінше, қазіргі таңда екі касса да жұмысын тоқтатып, 8 кассир жұмыссыз қалған. 


Оқи отырыңыз: Әуежайдағы ақша айырбастау пунктіне қатысты дау: Сотқа ықпал еткісі келетіндер бар


Тәуелсіз сарапшы, экономист Мақсат Халықтың пікірінше, бұл жерде әділеттілік қағидалары бұзылып отыр. 

"Инвестор қазақстандыкі не шетелдік болсын, әрбір істе заң үстемдігі болуы қажет. Өйткені, заң талаптары орындалмаған жағдайда қоғамда іскерлік белсенділігі төмендеп, бизнестің құқықтық ортасы әлсірейді", – деп қорытындылады ол.