Қазақстанда 1 наурыздан бері әскер қатарына шақыру науқаны болып жатыр. Заң бойынша, Әскери қызметке шақырылуға жататын азаматтар жергілікті әскери органның шақыруы бойынша шақыру комиссиясына келуге міндетті. Алайда, белгіленген уақытта әскери комиссариатқа келмеу әскери қызметтен жалтару болып есептеледі. 

Информбюро порталын Sarbaz.kz мәліметтеріне сүйене отырып, мұндай тәртіп бұзушылыққа қандай жаза қарастырылғанын хабарлайды. 

Әскери есепке қою жөніндегі міндетті орындамаған және әскери қызметтен жалтарған жағдайда мұндай құқық бұзушылықтар Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 387-бабына сәйкес, «әскери қызметтен жалтару» бойынша қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады:

Әскери қызметтен босатуға заңды негіздер болмаған кезде әскери қызметке шақырудан жалтарған үшін 1000 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салу, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не төрт жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту, не 1 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу түрінде жаза қолданылады, не сол мерзімге бас бостандығынан айыру қарастырылады.

Дәл сол әрекет:

  • өзіне зиян келтіру арқылы;
  • ауруды имитациялау арқылы;
  • құжаттарды қолдан жасау немесе өзге де алдау тәсілі қолданылғаны үшін, –

3 мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салу, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не 800 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту, не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру түрінде жаза қолданылады.


Оқи отырыңыз: 2024 жылы запастағы 752 офицер әскерге шақырылады. Бұл биылдан 2 еседен де артық


Егер тергеу органы істі сотқа бергенге дейін әскерге шақырылушы әскерге шақыру учаскесіне өз еркімен келсе, қылмыстық жауаптылықтан босатылады.