Әскерде жүрген сарбаздардың несиесі уақытша тоқтатылады
Ай сайынғы төлемдерді 13 айға кейінге қалдыруға мүмкіндік беріледі.Әскерде жүрген сарбаздардың несиесі уақытша тоқтатылады. Бұл туралы қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Мерзімді қызметтегі сарбаздарға қаржылық міндеттемелері бойынша ай сайынғы төлемдерін 13 айға кейінге қалдыруға мүмкіндік беріледі. Сондай-ақ, кредиторлар берешекті өндіріп алу бойынша сотқа және нотариусқа өтініш беруді тоқтатады.
"Еліміздің барлық өңірінің әскерге жинау пункттерінде әскерге шақырылушыларда кредиттер мен қарыздардың болуы туралы ақпарат жинау жұмыстары жүргізілуде. Несиелері бар жастар жергілікті әскери басқару органы басшысының атына қарыз алушының атауын, төленуге тиісті соманы және қарызды төлеуге байланысты басқа да деректерді көрсете отырып өтініш береді"– делінген хабарламада.
Қарыздың бар екендігі туралы хабарлап үлгермеген сарбаздар бөлім басшылығына жазбаша өтініш бере алады.
Оқи отырыңыз: Курсант әскери оқу орнын аяқтамаса, әскерге шақырыла ма?