Аса ірі көлемде есірткі таратқан қарағандылыққа 10,5 жыл жаза тағайындалды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері Қарағанды – Қарағанөзек теміржол өткелінің аумағында жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында 34 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады. Ол есірткі заттарын заңсыз сақтады деген күдікке ілінген.

Полиция мәліметінше, ұсталған азаматтың жеке заттарын тінту кезінде салмағы 427 граммды құрайтын "мефедрон" есірткісі табылып, тәркіленді.

Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес, мұндай мөлшер аса ірі көлем болып есептеледі.

Полиция қызметкерлері күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізді. Тергеу барысында оның есірткі заттарын қала аумағында тарату үшін телеграм-канал арқылы сатып алғаны анықталды. Сот шешімімен азамат қылмыстық құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 10 жыл алты ай мерзімге бас бостандығынан айырылды.

Айта кетейік, жыл басынан бері көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері 393 есірткі құқықбұзушылық фактісін анықтаған.

Оның ішінде 34 тарату, 23 аса ірі көлемде сақтау және 10 контрабанда оқиғасы тіркелген. Заңсыз айналымнан 240 келіден астам түрлі есірткі, оның ішінде 1 келіден астам синтетикалық есірткі тәркіленді.