Әрбір бесінші ата-ана баласының әлеуметтік желіде кіммен сөйлесетінін, не қарайтынын білмейді
Касперский зертханасы жүргізген сауалнамаға сәйкес балалардың дені TikTok желісін пайдаланады.Еліміздегі әрбір бесінші ата-ана баласының әлеуметтік желіде қандай ақпарат жариялап, кіммен сөйлесетінін білмейді. Соның кесірінен жеткіншектердің бес пайызы кибербуллингке тап болады, деп хабарлады 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.
Касперский зертханасы жүргізген сауалнамаға сәйкес балалардың дені TikTok желісін пайдаланады. Тіпті 11 жасқа дейінгі бүлдіршіндердің жартысына жуығында жеке парақша бар. Онда жасөспірімдер жеке суреттерінен бөлек мекен-жайын да жариялайды. Сондай-ақ, ұялы телефон нөмірін көрсететіндер де аз емес. Ал балалар онлайн қауіпсіздігі бағытының мамандары жеке деректерді ашық жариялау алаяқтардың жұмысын жеңілдетеді дейді. Сондықтан ата-ана баласының әлеуметтік желідегі жеке парақшасын бақылауда ұстауы қажет.
"Балалар ұялы телефон нөмірлерін ашық жариялау салдарынан алаяқтар олардың ата-анасының картасынан оңай ақша шешіп ала бастаған. Сондықтан әрбір ана немесе әке балаға цифрлық сауаттылық, этикет ережелер мен киберқауіпсіздік саласындағы негізгі ұғымдар туралы айту керек. Сондай-ақ, егер жеткіншек кибербуллингке тап болса жәбір көрсеткісі келген адамды бірден бұғаттағаны дұрыс. Өйткені соның кесірінен елімізде суицид белең алып жатыр", – деді "Касперский зертханасы" балалар онлайн қауіпсіздігі бағытының жетекшісі Андрей Сиденко.