Арал теңізіне 200 миллион текше метр су құйылды
Бұл су Арал теңізіне жіберілді.Қызылорда облысының шаруалары су үнемдеу технологияларын енгізудің нәтижесінде 200 миллион текше метрге жуық су үнемдеді, деп хабарлайды Су ресурстары және ирригация министрлігі.
Биыл өңірдің дихандары 55 мың гектар күріш алқабында су үнемдеу технологияларын қолданды.
Айта кетейік, Қызылорда облысындағы күріш алқаптарының жалпы ауданы 84 мың гектар. Осылайша, 2024 жылғы суару маусымында теңізге шамамен 1 миллиард текше метр су жіберілді, бұл өткен жылмен салыстырғанда үш есе көп.
Жыл басынан бері Солтүстік Аралға шамамен 2 миллиард текше метр су жіберілді. Бүгінгі таңда теңіздегі судың жалпы көлемі 22 миллиард текше метрге жетті.
"Су дипломатиясы мен Орталық Азиядағы әріптестерімізбен тығыз жұмыстан бөлек, Арал теңізіне су жіберуге үнемді технологияларды енгізу де маңызды рөл атқарады. Оларды қолдану жүздеген млн текше метр су үнемдеуге және оны теңізге бағыттауға мүмкіндік береді. Ол үшін біз шаруалардың су үнемдеу технологияларын енгізуге жұмсаған шығындарын субсидиялау көлемін 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайттық. Алдағы үш жылда су үнемдеу технологияларымен суармалы суды пайдаланатын шаруа қожалықтары үшін субсидия мөлшері 50%-дан 85%-ға дейін ұлғаяды", – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.