Алматыдағы дүкен қожайындары қаладан нан таппай сабылып жүр. "Ақсай нан" өнімін сатып алуға шектеу қойған. Бұрын дүкен иелері күніне 100 бөлке алып келсе, енді әрқайсына тек бесеуден ғана беріліп жатыр, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Оның үстіне "Ақсай нан" бөлкелерден бөлек 7 мың теңгеге зат алуға міндеттейді. 150-200 отбасыға сауда жасап отырған дүкен иелері бес-ақ нанды кімге беріп жеткіземіз дейді. Саудагерлер күнделікті таңғы 8-ден бері "Ақсай нанның" табалдырығын тоздырады. Сұранысқа ие бөлкелерді әр дүкен иесіне тек бесеуден сатып жатыр екен. Саудагерлерге жеткізіп берсе, бір нанның бағасы – 90 теңге, ал өзі алып кетсе – 80 теңге.

"Наннан бөлек 7 мың теңгеге фабрика өнімі сатып алу керек. Осындай талап қойып отыр. Менікі, мәселен, жаңадан ашылған дүкен. Күніне 30 нан қажет. 7 мың теңгеге толтыру үшін басқа өнімдерін алуым қажет. Бірақ, оларды сатып өткізе алмаймын", – дейді саудагер Қайсар Жақсылықов.


Оқи отырыңыз: Астық құны 50, ұн бағасы 15 пайызға қымбаттады


31 арна тілшілері "Ақсай нан" фабрикасына барғанымен кіру мүмкін болмаған. Фабрика басшылығы нан тапшылығына қатысты мүлдем пікір білдірмейтінін кесіп айтты.

"Бұрынғы таңда бұл тәжірибе қолданылған болатын. Қант сату кезінде бір қолға бес килограмнан артық сатпау шектеуі орнатылған болатын", – дейді Алматы қаласының кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы АӨК бөлімінің басшысы Рахымжан Әріпжанов.

Республика бойынша ең арзан нан Алматыда деген маман, әлеуметтік нанның бағасын тек осылай ғана қадағалай аламыз деп отыр. Ал мұндай шектеу шаралары қашанға дейін жалғасатыны белгісіз.