Ақжайық, Алтай, Қызылжар, Баянауыл. Ұлытау әкімі бірқатар облыс атауын өзгертуді ұсынды
Берік Әбідғалиұлы әр өңірге сол аумақтың тарихи, киелі жерінің не тұлғасының аты берілуі керек деп есептейді.Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бастамасымен өткен "Ұлытау облысының рухани дамуы" атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясында Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы Қазақстандағы бірқатар облыстың атауын өзгерту жөнінде ұсыныс айтты.
"Былтыр ғана ашылған облысымыздың Ұлытау деп аталуы ерекше рух, қуат берді. Облысты құрарда оны Орталық Қазақстан облысы деп атайық деген ұсыныстар да болған. Бірақ, мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев "Ұлытау облысы деп атайық" деп әділетті де тарихи шешім қабылдады. Тек Ұлытау ғана емес, Жетісу, Абай облысына да қазақтың қасиетті жері мен ұлы тұлғасының есімі берілді. Бұл да бір рухтандыратын жақсы іс-шара", – деді Берік Әбіғалиұлы.
Оқи отырыңыз: Әшімбаев: Абай, Ұлытау, Жетісу облыстары – ұлт ретінде өсуіміздің жарқын көрінісі
Өңір басшысының айтуынша, Қазақстанда бұл үрдіс міндетті түрде жалғасын табуы керек.
"Өйткені, кеңестік кезеңнен облыстар әкімшіліктік ат қою дәстүрі болған. Сондай атауларға әлі күнге дейін ие облыстар бар. Солардың атауын да қазақтың мың жылдық тарихы бар, сол өңірдің өзінің қасиетті де киелі жерінің ұғымымен ауыстыру қажет деп есептеймін. Мысалы, Батыс Қазақстан облысын Ақжайық облысы, Шығыс Қазақстан облысын Алтай облысы, Солтүстік Қазақстан облысын Қызылжар облысы және Павлодар облысы Баянауыл облысы деп атаса, бұл ел халқының бәріне рух берері сөзсіз", – деді Берік Әбдіғалиұлы.