Ақын Мұхтар Шаханов өмірден өтті
Қазақ ақыны, драматург, қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері, Халық жазушысы Мұхтар Шаханов өмірден өтті. Қаралы хабарды Мәдениет және ақпарат министрлігі жеткізді.
"Мұхтар Шаханов – шоқтығы биік шығармалар жазып, поэзияны азаматтық ұстаныммен ұштастыра білген біртуар тұлғалардың бірі еді. Оның өлең әлеміне өрісті өрнек, жаңаша тыныс әкеліп, қазақ поэзиясының дамуына өзіндік жаңалық, тереңдік дарытқан шығармалары руханиятымыздың құнды қазынасына айналды. Қоғамдағы күрделі мәселелерге үн қосып, ел мен жер тағдырына қатысты ойлы да отты пікір айтып, өзіне ғана тән азаматтық биік ұстанымның үлгісін көрсетті. Мұхтар Шахановтың қайсар мінезі, өр рухы, әділет жолындағы табандылығы мен елдік мүдде алдындағы адалдығы жұрт жадында мәңгі сақталады. Марқұмның жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын! Алланың рақымы мен мейірімі жолдас болып, рухы пейіште шалқысын", – делінген қаралы хабарда.
Мұхтар Шаханов қазақ поэзиясына өзіндік қолтаңбасын қалдырған көрнекті қаламгер ретінде әдеби жыр жинақтарымен әдебиет сүйер қауымның жүрегінен орын алды. Оның балладалары мен поэмалары дүние жүзі халықтарының 20-дан астам тілдеріне аударылған. «Махаббат заңы», «Сенім патшалығы», «Сократты еске алу түні» атты драмалары республикамызда және шетел театрларында қойылған. Ш.Айтматовпен бірлесіп жазған «Құз басындағы аңшының зары» атты эссе кітабы мен «Сократты еске алу түні» драмасы көптеген тілдерге аударылған. «Шыңғыс ханның пенделік құпиясы» драмалық туындысы негізінде Украинаның Довженко атындағы киностудиясы екі сериялы телефильм шығарды. «Уақыт бедерлері», «Зерде кітабы» атты жинақтары орыс тілінде шықты. Қырғыз Республикасының Халық ақыны (1994), Қазақстан Республикасының Халық жазушысы (1996), БҰҰ Қоршаған орта бағдарламасы сыйлығының, Қазақстан және Бүкілодақтық Ленин комсомолы сыйлықтарының, Түрік Республикасының «Түрік дүниесіне қызметі үшін» халықаралық сыйлығының және Қырғыз Республикасы халықаралық «Руханият», түрік дүниесі жазушылар бірлестігінің «Шахрияр», ЮНЕСКО-ның «Боорукер» клубы сыйлықтарының иегері. 2002 жылы «Жазагер жады космоформуласы» шығармасы үшін Калифорния Ғылым, индустрия, білім және өнер академиясының А.Эйнштейн атындағы алтын медалі, Түркияның Гебзе қаласында «Түркі тілдес халықтар арасындағы ең үздік әлем ақыны» сыйлығы берілген. «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін», «Еңбектегі ерлігі үшін» медальдарымен марапатталған.
Мұхтар Шахановқа «Жазагер жады космоформуласы» атты шығармасы үшін Калифорния Ғылым, Индустрия, Білім және Өнер академиясының А.Эйнштейн атындағы Алтын медалі мен Түркияның Гебзе қаласында «Түркі тілдес халықтар арасындағы ең үздік әлем ақыны» атағы берілді. «Нобель» сыйлығының 100 жылдығына орай Тамбов қаласында өткен «Нобель» сыйлығы лауреаттары мен нобелшілердің халықаралық конгресінде «Нобель» ақпарат орталығы, «Нобель» қоры, Ресей жаратылыс ғылымдары академиясы бірлесіп бекіткен «Нобельдің Алтын медалімен» марапатталды.