Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың атына жолдаған депутаттық сауалында ұсынған мәліметтер бойынша, Астанада 2021-2024 жылдары ақылы автотұрақ қызметіне қала тұрғындары 726 миллион теңге төлеген. Ал дәл осы кезеңде тұрақ қызметін төлемегендерге салынған айыппұл 5,6 млрд теңгеге (!) жеткен. Жайдақ есепке салсақ, айыппұл мөлшері жалпы төлемақыдан 7,5 есе артық!

"Ең сорақысы, астаналықтар төлеген 725 995 427 теңгенің 617 315 439 теңгесі жеке серіктестіктің қалтасына түсіп, тек 108 679 988 теңгесі ғана қала бюджетіне толтырған", – деді Нартай Сәрсенғалиев. 


Оқи отырыңыз:


Мәжіліс депутатының мәліметінше, қазір Астанада 7216 ақылы автотұрақ бар, олардың саны жыл соңына дейін 10 мыңға жетуі мүмкін. Автотұрақ қызметінің әр сағаты – 100 теңге, демалыс немесе мереке күндеріне арналған жеңілдік жоқ. 

"Ақылы автотұрақтарға коммерциялық орталықтар, қоғамдық орындар тіпті, құрылыс нормалары мен қағидаларын бұза отырып әлеуметтік объектілерге келушілерге арналған жерлер де берілді. Тұрғындары тиісті кондоминиум рәсімдеп үлгермеген тұрғын алаптары мен тыныш аудандарда да ақылы тұрақтар пайда болды. Астанадағы саябақтар мен тұрғын үй кешендерінің айналасында ақылы тұрақтан аяқ алып жүру мүмкін емес. Халықтың қалтасына осынша түсу заңды ма", – деді Нартай Сәрсенғалиев. 

Ол автотұрақта көліктің тегін тұру уақытын кем дегенде 30 минутқа дейін арттыруды және ақылы автотұрақтарды көліктер ең көп жиналатын іскерлік аудандарда ғана қалдырып, қалғанын жоюды ұсынды.