Ақтөбеде туған немересінен қорлық көрген 71 жастағы зейнеткердің жағдайы әлі ауыр. Қарияның қабырғасы сынып, дене мүшелері пышақпен тілгіленген. Науқас қатты психологиялық соққы алған. Күйзеліске ұшырап, дел-сал күйге түскен жанға қазір мамандар көмек көрсетіп жатыр, деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы. 

71 жастағы зейнеткер қанды оқиғадан кейін өз-өзіне әлі келген жоқ. Әбден шошыған қария сөйлесуге де құлықсыз. Сондықтан дәрігерлер арнайы еммен қатар, күйзеліске қарсы препараттар тағайындағанын айтты. Қазір науқасқа психологтар да көмектесіп жатыр.

"Көптеген кесіліп-тесілген жарақат алған. Иық аймағында, қолында, аяғында, сан тұсында бірнеше жарақат болды. Травматикалық шок бар. Қабырғалары сынған. Дереу барлық диагностикалық шаралар жасалды", – деді Ақтөбе қалалық көпсалалы ауруханасының бас дәрігері Қадырбек Иманбаев.

Тұрғындар болған жағдайға әлі сенер емес. Айтуларынша, қамауға алынған он бірінші сынып оқушысы ешқашан оғаш мінез көрсетпеген, тәртіпті, үлгілі болған. Үйдің үлкені ретінде екі бауырына қамқорлық танытып жүреді екен.

"Айқай естілген жоқ. Тек күбірлеген ер адамның даусы шықты – милиция екен. Біз араласып жүрген көршіміз. Балаларының да оғаш әрекеттерін көрмедік. Қолымыздағы сөмкемізді көтерісіп әкеле салатын. Бұл отбасы Алғадан көшіп келген, балаларын оқытуға келген. Әкесі таксист болып жұмыс істейді", – деді көрші Сұлушаш Жұмабаева.


Оқи отырыңыз: Шала туған балалардың зағип боп қалуының алдын алу: Скрининг қандай нәтиже берді


16 жастағы күдікті дәл осы жекеменшік мектепте оқыған. Білім ошағының басшылығы оқушының тәртібі не оқу үлгерімі бойынша шағым болмағанын айтты.

"Бала тәртібі өте жақсы. Ешқандай шағым түскен емес. Оқу үлгерімі де жақсы, мұғалімдерден тек оң пікір келеді. Ата-анасы толық отбасынан. Бұл жағдайға өкініш білдіреміз. Қазір тергеу жүріп жатыр", – деді жекеменшік мектеп директоры Сүндетбек Қалдыбекұлы.

Туған анасын пышақтап өлтірді деген күдікті әлі тергеліп жатыр. Оның суық қару алып, анасы мен әжесіне не себепті шабуыл жасағаны белгісіз. Болжам бойынша, бозбаланың мұндай қадамға баруына анасының оның ұялы телефонын алып, қайтармай қоюы себеп болуы мүмкін.