Ақтөбедегі медициналық университеттің биылғы түлектері бас көтерді. Олар резидентураға түсу үшін тапсырған тест қорытындысымен келіспейді, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Түлектердің айтуынша, басшылық биылғы емтиханға ешкімге ескертпестен жаңа талаптар ойлап шығарған. Мәселен, мемлекеттік грантқа үміткерлердің тест қорытындысына енді еңбек өтілі үшін қосымша балл қосылмақ. Бір жыл үшін – жеті балл. Интерн-түлектер бұл жағдайда грант жеңіп алуда мүмкіндігі азаятынын айтады.

"Жұмыс өтілі бар бізге дейінгі түлектерге әр жылына жеті баллдан қосып тұр. Еуропалық шкала бойынша балл 100-ден аспау керек. Ал біз тесттен жоғары нәтиже көрсетсек те, қорытынды балымыз 91-ден, 92-ден жоғары болса да, мемлекеттік грантқа өтпей тұрмыз. Бұл тек Ақтөбе қаласындағы жағдай. Нұр-Сұлтан, Алматыдағы медициналық университетерде бұлай емес", – дейді талапкер Әсем Уайысова.


Оқи отырыңыз: "Медицина қызметкерлері бір жұмысты екі мәрте істеуге мәжбүр". Депутаттар Damu Med жүйесін сынға алды


Түлектер тест қорытындысын қайта қарауды талап етеді. Ал Ақтөбедегі медицина университетінің басшылығы биыл интерндерден гөрі қазір жұмыс істеп жүрген дәрігерлерге басымдық бергенін жасырмайды. Профессор-доценттер құрамындағы тапшылықты жою үшін тәжірбиесі бар мамандарға еңбек өтілінің әр жылына 7 баллдан қосуды жөн деп шешкен. Олардың мәліметінше, биыл резидентураға түсуге 500-ден астам адам құжат тапсырған.

"Мемлекеттік грант бойынша 7 жыл оқыған түлектеріміз интернатурадан кейін 3 жыл еңбек етуі керек. Квотамен оқығандар ауылда жұмыс істеуге міндетті. Бірақ ешқайсының аудандық ауруханада жұмыс істегегісі келмейді. Профессор-доценттер сондықтан емдеудің не екенін, науқаспен қалай жұмыс істеуді білетін дәрігерлердің резидентураға келгенін қалайды. Былтыр интернатурадан кейін резидентураға оқуға түскен 11 түлек оқудан шығып кетті", – дейді Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық университеттің деканы Роза Нұрғалиева.