Ақтөбеде мектептен үйіне қайтып жатқан 12 жастағы қызды бірнеше қаңғыбас ит талап тастады. Дәрігерлер оның денесіне 24 тігіс жасаған, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Зардап шеккен 6-сынып оқушысының жағдайы әлі ауыр. Денесіне түскен жарақаттардан бөлек, психологиялық шок алған. Қыздың анасы Алтынгүл Жарылғапова бұл оқиғаға ел үкіметін айыптайды. Өйткені, жаңадан қабылданған "Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы" заңы аясында бұралқы иттерді атуға тыйым салынған. Ал соңғы кезде қаңғыбас иттердің балаларға шабуылдауы Ақтөбе ғана емес, республиканың әр өңірінде де жиілеп кетті.

"Басын үш жерден тіккен. Аяғындағы тігіс саны 21. Үкімет қабылдаған заңымен, қолданбаған шараларымен баламды "өлтіріп" отыр. Тағы 3-4 минут кешіккенде, баламның кеңірдегін үзіп өлтіретін еді", – дейді ашынған ана.

Оқушымен қазір дәрігерлерден бөлек, психолог та жұмыс істеп жатыр.

"Басында, екі қолында, екі аяғында, арқасында көптеген дене жарақаттары бар. Жағдайына байланысты бірден бөлімшеге көтердік. Жыртылған жарақаттары болды. Негізі ит тістеген жарақаттар тігілмейді. Бірақ, көлемді жарақаттарды әр жерінен тігеміз", – деді облыстық балалар ауруханасының травматология және нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі Қуантай Махамбетов.


Оқи отырыңыз: 3 ит пен 100 мысыққа пана. Елордадағы жануарлар үйінен фоторепортаж


Арна тілшілерінің хабарлауынша, Қазақстанда мұндай оқиға бірінші рет болып отырған жоқ. Көшеде қаңғып жүретін бұралқы иттердің көптігінен қорқып, балаларының өміріне алаңдаған тұрғындар бірнеше рет арызданған.

"Қолымыз байлаулы. Бүгінгі күні жұмыс жасай алмай, иттерді аулау тоқтатылып тұр. Оларды уақытша ұстайтын пана керек. Ал ол жоқ", – деді Ақтөбе облысы ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Иса Базаров.