Ақтөбеде 41 жастағы әйел мен оның жаңа туған сәбиі қайтыс болды. Қара жамылған отбасының айтуынша, қайғылы жағдайға жедел жәрдем қызметкерлерінің әрекеті себеп болуы мүмкін. Марқұмның жұбайы Руслан Сырлыбаев медицина мамандарының салғырттығы салдарынан отбасына орны толмас қайғы келгенін айтып, әділдік талап етіп отыр. Бұл туралы 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы хабарлады. 

Марқұм Айжан Аязбаеваның жұбайының сөзінше, әйелі жүктілік кезінде дәрігерлердің тұрақты бақылауында болған және денсаулығына қатысты ешқандай шағым айтпаған. Алайда үш апта бұрын, жүктіліктің жетінші айында, әйелдің қан қысымы көтеріліп, жедел жәрдем шақырылған.

Фельдшерлер келген соң дәрі-дәрмек беріп, екпе салған. Осыдан кейін әйелдің жағдайы күрт нашарлап, жансақтау бөліміне жеткізілген.

"Укол салғаннан кейін жаны қатты ауыра бастады. Бүкіл денесі күйіп бара жатқандай болды. “Қоя қойыңдаршы, салмаңдаршы” деп өтінді. Бірақ олар тоқтамады, уколды толық салып болды. Содан кейін бірден құсты, артынан өкпесі сырылдай бастады. Зембілге салып, лифтімен түсіріп, жедел жәрдеммен алып кетті", – деді марқұмның күйеуі Руслан Сырлыбаев.

Ауруханаға ауыр халде жеткізілген Айжан Аязбаеваға дәрігерлер кесарь тілігін жасап, сәбиін аман алып қалған. Алайда әйел сол күйі есін жимай, екі аптадан кейін көз жұмған. Ал он күннен соң жаңа туған нәресте де шетінеп кеткен. Дәрігерлер марқұм әйелге пневмония диагнозы қойылғанын хабарлаған.


Оқи отырыңыз: Ғалымдар егде жаста мидың жұмысын жақсартудың оңай жолын тапты


Алайда марқұмның жұбайы бұл қорытындымен келіспейді. Оның айтуынша, әйелінің жағдайы екпе салынғанға дейін қалыпты болған.

"Аяқтан тік тұрған, ештеңеге шағымы жоқ адам еді. Қан қысымы 210 болған күннің өзінде ондай халге түспеуі керек. 28-і күні отбасымызбен концертке де бардық. Мен фельдшерлердің ісі заң аясында қаралып, жауапкершілікке тартылғанын талап етемін", – деді марқұмның күйеуі Руслан Сырлыбаев.

Қайғылы жағдайға байланысты Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы тексеру жұмыстарын бастаған. Ведомство өкілдерінің айтуынша, ана мен баланың өлімінің нақты себебі тексеру қорытындысынан кейін белгілі болады.

"Қазіргі уақытта Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы тарапынан тексеру жүргізіліп жатыр. Барлық мән-жай анықталғаннан кейін туыстарына және қоғамға толық ақпарат беріледі", – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас акушер-гинекологы Анар Ақатаева.

Белгілі болғандай, Руслан Сырлыбаев отбасыcымен Атыраудан Ақтөбеге небәрі төрт ай бұрын қоныс аударған. Қайғылы жағдайдан кейін марқұмның артында екі баласы жетім қалды: үлкені – 18 жаста, кішісі – мектептің жоғары сынып оқушысы.


Оқи отырыңыз: "Қағаз, қаламды өзіміз сатып аламыз". Семейде көлік колледжінің мұғалімдері бірнеше айдан бері жалақы ала алмай жүр


Марқұмның жақындары құзырлы органдарға арыз түсіріп, кінәлілер заң аясында жауапқа тартылуы тиіс деп есептейді. Олар бұл оқиға медицина саласындағы жауапкершілік пен бақылауды күшейтуге себеп болуы керек екенін айтады.