Ақтөбе облысының Нұра ауылында су тасқынынан зардап шеккендерге Сарыобадан үйлер салынады
Қарғын судан Ырғыз ауданы бойынша 152 тұрғын үй, 6 кәсіпкерлік және 8 әлеуметтік нысан зардап шекті.Қазіргі уақытта топан су астында қалған 152 үй жарамсыз деп танылды. Ырғыз ауданының әкімі Нұрлан Қызбергеновтің сөзінше, 8 отбасы дайын үйді алуға, 40-тан астам отбасы Ырғыз ауылында салынатын үйге қоныстануға өтініш білдірген. Нұра ауылының тұрғындарының басым бөлігі Сарыоба дейтін жерге көшуге, сонда тұрғын үйдің салынуына қарсы емес, деп хабарлады Ақтөбе облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Аймақ басшысы Асхат Шахаров облыста тек Ырғыз ауданында баспана салу мәселесі әлі шешілмегенін, сол себепті жұмыс сапарымен Ырғыз ауданына келгенін эвакуациялық пукнтте уақытша орналасқан тұрғындарға жеткізді.
"Еліміздегі Үш компания Ақтөбе облысындағы су тасқыны салдарын жою үшін демеушілік етеді. Бұл ең бірінші кезекте баспана мәселесін шешуге мүмкіндік береді. Облыстың Ырғыз ауданынан басқа жерде үй мәселесі шешімін тапты. Сондықтан сіздермен кездесіп, осы мәселенің түбегейлі шешіп алайын деп келдім. Қазіргі біздің басты міндет – үй салу, үй алып беру, үйді қалпына келтіру", – деді Асхат Шахаров.
Қарғын судан Ырғыз ауданы бойынша 152 тұрғын үй, 6 кәсіпкерлік және 8 әлеуметтік нысан зардап шекті.
100 АЕК көлеміндегі әлеуметтік төлем бойынша түскен 138 өтінішке 51 млн теңгеге жуық берілді. Материалдық шығынды бағалау және есептеу комиссиясы 221 өтінішті қарауда. Тұрғын үйлерді жөндеуге және тұрмыстық техникалар құнын өтеуге төленген қаржы 4 млн теңгеге жуықтайды. Сонымен қоса, көктемгі су тасқыны кезінде өлген 444 бас малға тиісті қаржы бөлінуде.
Айтып өту керек, ауданда эвакуациялау алдын ала жүргізілді. 11 сәуірден бастап Нұра ауылдық округінің Нұра, Мамыр, Белшер елді мекендерінің, 16-18 сәуірде Тәуіп ауылдық округі Құйлыс елдімекенінің тұрғындары тікұшақ арқылы қауіпсіз жерге көшірілді.