Ақтөбе облысындағы Ақжар ауылының тұрғындары оқ-дәрі қоймасын көшіруді талап етіп бас көтерді
Қоймада 2,5 тонна жарылғыш заттар сақтаулы.Ақтөбе облысы Ойыл ауданындағы Ақжар ауылының тұрғындары Арыс қаласы мен Жамбыл облысындағы апаттардың қайталануынан қорқып, ауыл түбіндегі жарылғыш заттар сақтайтын қойманы көшіруді талап етіп, бас көтерді, деп хабарлады 31-арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Ауыл тұрғыны Жәрдем Қазтуғановтың айтуынша, ауыл тұрғындарының үрейі күшейген. Өйткені, қойма мен ауыл арасы 200 метрдей қашықтықты ғана құрайды. Оның үстіне, 1500 балаға арналып салынған мектеп те қоймаға қол созым жерде орналасқан. Балаларының қауіпсіздігіне алаңдаған тұрғындардың жалғыз талабы – қойманың кемі 30 шақырым шалғайға көшірілуі.
Төтенше жағдайлар министрлігі Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Самат Тәждәулетовтың сөзінше, ауыл іргесінде жалғыз қойма бар.
"Қойма "Қазөнеркәсіпгеофизика" акционерлік қоғамына тиесілі. Ондағы жарылғыш құралдар мұнай өнеркәсібіне пайдалануға арналған. Қазір қоймада 2,5 тонна жарылғыш зат сақтаулы. Барлық қауіпсіздік шаралары сақталатын болса, халыққа қауіп жоқ", – дейді ол.
Материалдың толық нұсқасын төмендегі видеодан көріңіз: