Ақтөбе облысында халықты табиғи газбен қамту көрсеткіші 97 пайызға жетеді
Ақтөбе облысында халықты табиғи газбен қамту көрсеткіші биыл 97 пайызға жетпек, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Жыл басынан бері 22 ауыл көгілдір отынмен қамтылған. Бұл - өңір тарихындағы ең ауқымды газдандыру көрсеткіші. Отын тасып, күл шығарудың бейнетінен құтылатын елдімекендердің саны жыл сайын артатын болады.
Облыс әкімі Асхат Шахаров ифрақұрылымды дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, жүзеге асқан жобаларды атап өтті.
Бүгінде Ақтөбе ауылдарының жартысынан көбіне газ тартылған. Жыл соңына дейін тағы алты елдімекенге көгілдір отын кіргізілмек. Осылайша, 194 ауылдың халқы қыста көмір алып, шығынға батпайтын болады. Шалғай елдімекендерді таза ауыз сумен қамту жұмыстары да қарқынды жүргізіліп жатыр. Мәселен, 319 ауылдың 291-і орталықтандырылған су жүйесіне қосылған.
"Жылдың соңына дейін өңірімізді сумен жабдықтау үшін 10 елдімекенді оған қаржы біз бөлдік. Жұмыстар басталып, төрт елдімекенге толықтай құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды. Алты елдімекен екі мыңға жуық тұрғыны бар жылдың аяғына дейін аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз", – деді Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров.
Ақтөбеде ірі құрылыс жобалары да көп. Мәселен, биыл облыс орталығында 35 мың орындық заманауи стадионның құрылысы басталды. Сонымен қатар, 5 мың адамға арналған көпфункционалды спорт кешені мен жаңа драма театры салынуда. Тұрғын үй мен мектептердің санын көбейту мәселесі де назардан тыс қалмаған.
"Жылдың соңына дейін миллион шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға береміз. Ал құрылыс жұмыстарының көлемі 480 миллиардтан астам болады. Жалпы одан бөлек, президенттің тапсырмасына сәйкес, "Келешек" мектептер ұлттық жобасы аясында 14 мектептің құрылысы басталып, қазіргі таңда оның 7-еуі аяқталды", – деді Ақтөбе облысы құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқарма басшысының орынбасары Аслан Жарасбаев.
Ақтөбе облысында баспана мәселесін шешу бағытында нақты қадамдар жасалды. Биылдың өзінде үй кезегінде тұрған 419 отбасыға жаңа пәтердің кілті табысталды. Жыл соңына дейін тағы мыңнан аса жанұя қоныс тойын тойлайды.