Ақтөбе облысында су тасқынынан зардап шеккен 406 отбасы жаңа баспанаға қоныстанды
Өңірде су тасқыны салдарын жоюға жалпы 66,2 млрд теңге бөлінген.Жергілікті бюджет және демеушілік есебінен қарастырылып отырған қаржының 38,8 млрд теңгесі зардап шеккен тұрғын үйлерді жөндеп, қалпына келтіруге жұмсалып жатыр. Бұл туралы өңір басшысы Асхат Шахаров облыстық мәслихаттың кезекті он төртінші сессиясында мәлімдеді.
Бүгінгі таңда Ақтөбе облысында су басқан 4 мың үйдің үш мыңға жуығы жөнделді. Ал апатты деп танылған үйлердің орнына жаңа 511 баспана бой көтеруде. Облыс басшысы қалған 503 отбасыға пәтерлер сатып алынатынын, ал тұруға жарамды тұрғын үйлер жөнделіп жатқанын алға тартты. Қазіргі уақытта 406 отбасы жаңа қоныстарына көшті.
"Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша су тасқыны салдарынан зардап шеккен тұрғын үйлер мен инфрақұрылымды қалпына келтіру бойынша жедел жұмыстар басталды. Жергілікті бюджеттен және демеушілік есебінен 66,2 млрд теңге қарастырылды. Тұрғын үйлерден басқа материалдық залал өтемақысын 3,5 мыңға отбасыға өтеу үшін жергілікті бюджеттен 1,2 млрд теңге бөлінді. Сонымен қатар, 4,5 мыңға жуық отбасыға 369 мың теңге құрайтын біржолғы төлемдер берілді", – деді Асхат Шахаров.
Сондай-ақ, қарғын су ауыл шаруашылығының өкілдеріне, шағын және орта бизнеске шығын әкелді. Десек те, шаруалар мен кәсіпкерлер қаржылай қолдау шараларынан де қалыс қалып жатқан жоқ. 4,5 мыңға жуық мал шығынын өтеу үшін бюджеттен 1,1 млрд теңге бөлінді. Ал зардап шеккен 76 кәсіпкерлік субъектісіне көрсетілген көмектің нақты сомасы аймақтық комиссия шешімінен соң, белгілі болады.
Асхат Шахаровтың айтуынша, бүгінгі күнге дейін инфрақұрылымды жобалау, сараптау және салу жөніндегі іс-шараларға 26 млрд теңге бөлінген.
Облыс әкімі тасқын салдарымен күрес жұмыстары әлі де қарқынды түрде жалғаса беретінін тілге тиек етіп, қиын сәтте шыдамдылық танытып, қолдау көрсеткен әрбір тұрғынға алғыс білдірді.