Ақтөбе облысындағы Хромтау ауданына қарасты екі елді мекен карантинге жабылды. Енді бұл ауылдарға алдағы 21 күнде сырттан ірі қара мал әкелуге болмайды. Сондай-ақ, мал не оның етін сыртқа шығаруға да тыйым салынады, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Облыстағы Қопа және Тамды ауылдарында ауырған ірі қараға инфекциялық ринотрахеит диагнозы қойылған. Ауыл тұрғындары шөп жемей, аузынан ақ көбік ағып, аяғын баса алмай жатып қалған малды өз беттерінше емдеп жатыр. Олар малына мұндай диагноз қоятындай кімнің малынан сынама алып, тексеруге жіберілгенінен бейхабар екенін айтады.

"Біздің ауылдың малдарынан ауыздарынан сілкейін, қанының сынамасын бәрін алып, Нұр-Сұлтан қаласындағы мал дәрігерлері тексерген екен. Олар енді ринотрахеит деген диагноз қойып отыр. Бір айлық шектеу қоймақ ауылға. Малдарды сыртқа шығармаймыз, сырттан мал кіргізбейміз дейді. Сол енді қаншалықты маңызды қазір? Ауыратын мал ауырып болды. Шөбін, жемін жеп тұр", – дейді Хромтау ауданы Қопа ауылының тұрғыны Дамир Ысқақов.


Оқи отырыңыз:


Ал Ақтөбе облыстық ветеринария басқармасының бөлім басшысы Гүлсара Жакупованың айтуынша, шектеуді эпизотиялық отряд жүргізеді. Бұл уақытта вакциналау және дезинфекция шаралары жасалады. Шектеу 21-30 күнге созылады.