Ақтөбе облысында балаларға құрттаған сұлы ботқасын берген балабақшаның меңгерушісі, бас аспазы мен медбикесі жұмыстан қуылды, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Себебі, бөбекжайдың тамақ сақтайтын қоймасы санитарлық талапқа сай болмай шыққан. Тексеріс барысында асханадан зиякестер де табылыпты. 

Бұл оқиға Қандыағаш қаласындағы мемлекеттік балабақшада болған. Желіге таралған бейнежазбада бүлдіршіндерге берілетін ботқаның ішінде жәндіктердің жүргенін көруге болады. 

Бұл жағдайды тәрбиешілер байқаған екен. Осы жайттан кейін мамандар мектепке дейінгі білім беру мекемесінде тексеріс жүргізген. Қорытындысы бойынша, қоймада ылғалды сақтап тұратын жабдықтардың орнатылмағаны анықталған. Сонымен қатар жарма өнімдер қойылған орында жәндіктер толып жүрген екен. 

Жауапты департаменттің өкілдері балалар құрттаған өнімді жемеді деп отыр. Осы қойманың қызметкері қатаң сөгіс алып, өз еркімен жұмыстан кеткен. Ал бөбекжай басшысы қомақты айыппұл арқалады. 

"Алынған сынамалардың зертханалық қорытындысы бойынша тірі зиянкестер, жәндіктер, қоңыздар анықталды. Осы факті бойынша комиссия мүшесімен қалдық 19 килограмнан астам өнім жойылды. Тексеріс қорытындысы бойынша заңды тұлғаға айыппұл салынды. 452 180 теңге көлемінде. Сонымен қатар бұзушылықтарды жою туралы бір ұйғарым берілді", – деді Ақтөбе облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Лаура Ршауова.