Ақтаулық тұрғын Қазақстан азаматы екенін дәлелдей алмай жүр
2014 жылы азаматтық Мзианың анасына беріліп, өзіне берілмей қалған екен.Ақтаулық тұрғын Қазақстан азаматы екенін дәлелдей алмай жүр, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
24 жастағы Мзиа Цхададзе елімізде білім алып, тұрмыс құрған. 20 жылдан бері қоғаммен тығыз байланыста болып, отандастарымызға берілетін жеке куәлігінен бастап барлық құжатты қолына алған.
Бірақ азаматтық ресми түрде берілмегенін әйел жақында біліп, түсіне алмай әлек.
Мзиа Цхададзе үш жасында анасымен Грузиядан Ақтауға көшіп келген. 16 жасқа толғанда халыққа қызмет көрсету орталығынан жеке куәлігін алған екен. Тұрмыс құрып, қызына төлқұжат жасатуға барғанда "сізге Қазақстан азаматтығы берілмеген" деген жауап алып, аң-таң болыпты.
"Құжаттарымның барлығы Қазақстан азаматының құжаттары. Паспорт, жеке куәлік, права барлық документтерім бар. Бірақ сонда да мәселе туындап тұр. Грузияның құжаттарында тек туу туралы куәлік бар, басқа ештеңе жоқ", – деді Ақтау қаласының тұрғыны Миаза Цхададзе.
Бір қызығы, Мзиа үш жылдан бері кәсібін жүргізіп салық төлеп келген. Түсініксіз жағдайға тап болдым деген әйел қазір мемлекеттік органдардың табалдырығын тоздырып жүр.
2014 жылы азаматтық Мзианың анасына беріліп, өзіне берілмей қалған екен. Сондықтан қолындағы жеке басын куәландыратын құжаттар жарамсыз. Ағаттықтың көші-қон қызметінен кеткенін өңірдің полиция департаменті де растап отыр.
"Мзиа Цхададзе құжатын ресімдеу барысында 2015 жылы көші-қон қызметінің қызметкерлері қателік жіберген. Құжаттау кезінде Мзиа Қазақстан азаматшасы болған жоқ. Қазiргi уақытта Мзиа Цхададзе Грузия елшiлiгiнен Грузия Республикасы азаматтығы бар немесе жоқ деген анықтама алуы қажет", – деді Маңғыстау облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Айгерім Ибатуллаева.
Тәртіп сақшылары Мзианың Қазақстан азаматтығын жеңілдетілген тәртіппен алуға мүмкіндігі бар екенін жеткізді. Себебі оның жұбайы елде туып-өскен. Құзырлы орган өкілдері тығырыққа тірелген тұрғынға қажет құжаттарды рәсімдеуге көмектесеміз деп сендірді.