Ақтауда жедел жәрдемге "пранк" жасаған тұрғын айыппұл төлейтін болды
Оған 80 000 теңге көлемінде айыппұл салынды.Ақтау тұрғыны әзіл үшін жедел жәрдем бригадасын шақырған. Енді оған 80 000 теңге көлемінде айыппұл төлеуге тура келеді.
Бұл туралы Маңғыстау облыстық жедел және шұғыл медициналық жәрдем станциясының баспасөз қызметі хабарлады.
"Оқиға 14 қазанда болды. "103" жедел желісіне тұрғынның көп мөлшерде дәрі-дәрмектерді қабылдағаны туралы Ақтау қаласының тұрғынынан шақыру келіп түсті. Жедел жәрдем бригадасы шақыруға шыққанда, тұрғын "пранк" ұйымдастырғанын айтты", – деді медициналық мекеменің баспасөз қызметі.
Осыған байланысты шақыру ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 438-бабына сәйкес жалған болып тіркелді.
Арнайы қызметтерді көрінеу жалған шақыртқаны үшін Ақтау қаласының тұрғынына 80 000 теңге көлемінде айыппұл салынды.