Ақтауда липосакция жасатпақ болған депутат қайтыс болды
Маңғыстау облысы мәслихатының депутаты Ербол Айтуов "Қасиет" медициналық клиникасы клиникасында жасалған ментопластикадан кейін қаза болды. Марқұм иек астындағы артық майды липосакция әдісімен алдырмақ болған.
Туыстарының айтуынша, 49 жастағы депутат 4 сәуір күні операцияға өз аяғымен барған. Алайда ота кезінде жағдайы күрт нашарлап, инсульт алған. Ол бір айға жуық комада жатып, 5 мамыр күні қайтыс болған.
Марқұмның жұбайы Лаура Айтуова клиника қызметкерлерін немқұрайлық танытты деп айыптап отыр. Оның сөзіне қарағанда, операция алдында тапсырылған талдаулар толық тексерілмеген. Кейін Ербол Айтуовтың қанындағы қант мөлшері 11 ммоль/л болғаны анықталған.
"Анестезиолог интубацияны дұрыс жүргізбей, салдарынан науқастың тыныс алуында қиындық туындаған. Соның әсерінен қан қысымы 225-ке дейін көтеріліп, қант мөлшері де күрт артқан. Нәтижесінде ол ишемиялық инсульт алып, комаға түскен. Клиника бірнеше сағат бойы қажет медициналық көмек көрсетпеген. Дәрігерлер отбасы оның ауыр жағдайын бірден хабарламады", – деді марқұмның әйелі.
Марқұмның туыстары кінәлілерді жауапқа тартуды талап етіп отыр. Олар оқиғаға клиниканың әрекеті мен медициналық талаптардың сақталмауы себеп болды деп санайды.
Айта кетейік, Ербол Айтуов Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты болған. Сонымен қатар 2023 жылдан бері Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасының өңдеу өнеркәсібі және базалық салалар комитетін басқарған.
Еске салайық, Алматыдағы пластикалық операция жасайтын емханалардың бірінде блогер Сәуле Базархан қайтыс болды. Қазір сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.