Ақтауда 500-ге жуық адам тұрғын үй құрылысына ақша саламын деп алаяқтарға алданған
Алаяқтар жиырмадан астам үйдің пәтерлерін заңсыз жарнамалаған.Ақтау қаласының прокуратурасы Әлеуметтік желідегі мониторинг барысында қала аумағында 20-дан астам тұрғын үй кешеніндегі пәтерлерді заңсыз интернет ресурстары арқылы жарнамалағаны анықталғанын хабарлады.
Талдау нәтижесіне сәйкес жыл сайын "Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы" ҚР заңының талаптары сақталмай, азаматтар қаражатын рұқсаты жоқ көп қабатты тұрғын үй нысандарына салымшы ретінде салғаны анықталған.
Қалалық прокуратураның мәліметінше, тұрғын үй құрылысына үлестік қатысушы болу үшін келесі негіздер болу қажет.
Олар:
- бірыңғай оператордан кепілдік алу;
- екінші деңгейдегі банктің жобаға қатысуы;
- көппәтерлі тұрғын үйдің қаңқасы тұрғызылғаннан кейін үлескерлердің ақшасын тарту тәсілдерінің бірі арқылы ұйымдастырылады.
Көппәтерлі тұрғын үйлердің құрылысы үшін осы заңда көзделмеген өзге де тәсілдермен жеке және заңды тұлғалардың ақшасын тартуға тыйым салынады. Әлеуметтік желідегі мониторинг барысында қала аумағында 20-дан астам тұрғын үй кешеніндегі пәтерлерді заңсыз интернет ресурстары арқылы жарнамалағаны анықталған.
"Былтыр және биыл анықталған заңдылықты бұзулар бойынша қала прокуратурасы құзырлы органға 3 қадағалау актісін енгізді (40 заңды тұлға әкімшілік жауаптылыққа тартылды). Бүгінгі таңда қала аумағында 500-ге жуық жәбірленуші тұрғын үй кешені құрылысына салымшы ретінде қаражаттарын салып, алданып қалған", делінген қалалық прокуратураның хабарламасында.
Ақтау қалалық прокуратурасы тұрғындарға салымшы ретінде өз қаражатын тұрғын үй кешені құрылысына салмас бұрын құрылыс және уәкілетті мекеме туралы толық ақпаратты зерделеп, шешім қабылдауын сұрайды.