АҚШ президенті Дональд Трамп мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа Ақ үйдің кілтін сыйға берді. Бұл туралы президенттің көмекшісі – баспасөз хатшысы Руслан Желдібай мәлімдеді.

Қазақстан Республикасының АҚШ-тағы елшісі Мағжан Ілиясов президент Дональд Трампқа Сенім грамотасын тапсыру рәсімінен кейін екеуі аз-кем әңгімелесті. Америка басшысы биыл қараша айында Қасым-Жомарт Тоқаевпен Ақ үйдегі кездесуден алған әсерімен бөлісті.

Құрама Штаттар көшбасшысы Қазақстан президентіне жылы лебізін жолдап, оны құрметтейтінін атап өтті. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаевты "халықаралық үдерістерді терең білетін әрі жан-жақты түсінетін тәжірибелі мемлекет қайраткері, керемет адам" деп сипаттады.

АҚШ президенті мемлекет басшысына сый-сыяпат жолдады. Олардың арасында Ақ үйдің символикалық кілті мен өзінің қолтаңбасы қойылған бейсболка да бар.