АҚШ билігі рин-карта лотереясы (Diversity Visa Lottery) бағдарламасын уақытша тоқтатады. Бұл туралы 2025 жылғы 19 желтоқсанда АҚШ-тың ішкі қауіпсіздік министрі Кристи Ноэм мәлімдеді.

"Браун университетінде атыс жасаған Клаудио Мануэл Невес Валенте 2017 жылы Diversity Visa (DV1) иммиграциялық визалық бағдарламасы арқылы АҚШ-қа кіріп, грин-карта алған. Мұндай аса қатыгез адамға біздің елге кіруге ешқашан жол берілмеуі тиіс еді. Президент Трамптың тапсырмасына сәйкес, осы апатты бағдарламаның салдарынан енді бірде-бір америкалық зардап шекпеуі үшін АҚШ Азаматтық және иммиграциялық қызметіне (USCIS) DV1 бағдарламасын дереу тоқтату жөнінде нұсқау бердім", – деп жазды ол.

Министрдің айтуынша, Дональд Трамп грин-карта лотереясын тоқтату мәселесін 2017 жылы да көтерген. Сол жылы Нью-Йоркте DV1 бағдарламасы арқылы АҚШ-қа кірген ИГИЛ террористі жүк көлігімен адамдарды қағып, сегіз адам қаза тапқан еді.