Ақмола облысындағы орманды алқаптар "Бурабай" ұлттық паркіне өтеді
Табиғи парк аумағы 185,88 гектарға артады.Ақмола облысының Бурабай ауданындағы жалпы алаңы 185,88 гектар болатын жер учаскелерін ҚР Президенті іс басқармасының "Бурабай" мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне беру жоспарланып отыр. Бұл туралы Ашық НҚА порталында жарияланған Үкімет қаулысының жобасынан белгілі болды.
Ұлттық парк аумағына берілетін жер учаскелерінің біраз бөлігі орманды алқаптардан құралған. Олар енді "мемлекеттік ұлттық парктердің ормандары" мемлекеттік орман қоры санатына жатқызылады. Сәйкесінше, парк аумағына берілетін жер учаскелерінің бәрі республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумаққа жатады.
Оқи отырыңыз: Бурабай ұлттық паркінде сусын мен тағам саудасына тыйым салынды
Үкімет қаулысына қол қойылған жағдайда "Бурабай" мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің жалпы аумағы 129484,88 гектарды құрайды.
Құжат жобасын жария талқылау мерзімі – 18 шілдеге дейін.