Ақмола облысында шахтадан ер адамның мәйіті табылды: қылмыстық іс қозғалды
Ақмола облысындағы "Новая" шахтасының 610-шы горизонтынан ер адамның мәйіті табылып, аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жедел-іздестіру шаралары барысында марқұмның жеке басы анықталған. Ол 1991 жылы туған, Степногорск қаласының тұрғыны болып шықты.
"Алдын ала деректерге сәйкес, ер адам шахта аумағына заңсыз кірген. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексінің 269-1-бабының 3-бөлігі ("Қорғалатын объектіге заңсыз кіру салдарынан абайсызда адам өліміне әкеп соғу") бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды", – делінген хабарламада.
Құзырлы органдар оқиғаның себептері мен салдарын жан-жақты тексеріп, тиісті құқықтық баға берілетінін мәлімдеді.