Amanat депутаттары Ұлттық домбыра орталығын ашуды ұсынды
Мәжілісмендер домбыраны мемлекеттік деңгейде ұлықтап, халықаралық бренд жасау қажеттігін айтты.Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевтың атына жолдаған депутаттық сауалында Amanat партиясының Мәжіліс депутаттары Қазақстанда Ұлттық домбыра орталығын ашу туралы мәселе көтерді. Бұл – депутаттардың осы мәселе бойынша екінші сауалы. Ерлан Саировтың айтуынша, алғашқы сауалға Абаев тарапынан тұшымды жауап болмаған.
"Елімізге ресми сапарымен келген Рим Папасы Францисктің өзі домбыраның әлемдік рухани потенциалы жөнінде атап өтті. Президент Тоқаев Рим папасына қазақтың рухани өмірінің символы ретінде домбыраны сыйға тартты. Яғни, домбыраны мемлекеттік деңгейде ұлықтап, халықаралық бренд жасау – уақыт талабы", – деді Ерлан Саиров.
Оқи отырыңыз:
- Домбыраны Қазақстанның қай өңірлерінің тұрғындары көбірек шертеді?
- "Қос ішекті коммуникация". Ел мен ер тағдырын шешкен 4 күйдің тарихы
Оның сөзінше, домбыраның теориялық аспектілері, домбыраның әр-түрлі мектептері, домбыраны әлемдік деңгейде насихаттау бүгінгі технология заманында жаңа әдістерді талап етеді. Сондай-ақ, Ұлттық домбыра орталығын ашу үшін бюджеттен миллиардтаған қаржының қажеті жоқ!
"Ұлттық домбыра орталығын ашу жаһандану заманында ұлтымыздың рухани келбетін сақтап қалудың өзегі", – деді Ерлан Саиров.