Республика күні қарсаңында Amanat партиясы Орталық аппаратының ғимаратында өлшемі 24-те 12 метр Мемлекеттік Ту ілінді, деп хабарлады партияның баспасөз қызметі. 

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы. Фото: Amanat партиясының баспасөз қызметі

Дәл осындай үлкен Ту ғимараттың қасбетіне алғаш рет ілініп отыр. Партия өкілдерінің айтуынша, аспан түстес Көк Ту адамдардың бойында патриотизм мен өз еліне деген мақтаныш сынды ең ізгі сезімдерді оятуға негізделген.

"Белсенділеріміз ел аумағындағы тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарға Көк байрағымызды ілуде. 25 қазанға дейін бас-аяғы 10 мыңнан астам Ту ілу жоспарланып отыр. Аталған акцияның басты мақсаты – ел азаматтары арасында патриоттық сезімді ояту. Мемлекеттік Туымызға қараған сайын кеудемізді өз елімізге деген мақтаныш сезімі кернейді. Біз Туды Amanat партиясының ғимаратына ілдік. Ол түрлі мәдени іс-шараларда, ұлттық құрамаларымыздың матчтарында, тіпті жуырда V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында өткен Димаш Құдайбергеннің концертінде желбіреді. Көк байрағымыз елорданың қақ ортасында 25 қазанға дейін ілініп, ел тұрғындарын қуантады", – деді Ақерке Искандерова.

Ол бұл акцияның 1990 жылғы 25 қазанда қабылданған Мемлекеттік егемендік туралы декларация Тәуелсіздігіміздің бастауы болғанын еске салуға арналғанын атап өтті.


Оқи отырыңыз:


Amanat партиясының "Жастар Рухы" жастар қанаты осымен 3 жыл қатарынан Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын насихаттауға бағытталған "Менің Елім – менің Туым" акциясын өткізіп келеді. Биыл акция аясында ел аумағында 10 мыңнан астам Мемлекеттік Ту ілінеді.